"Барыс" "Салават Юлаевты" тізе бүктірді

1929

"Барыс" өз айдынындағы матчтар сериясының екінші ойынын жеңіспен аяқтады.

"Барыс" "Салават Юлаевты" тізе бүктірді Фото: hcbarys.kz

Астаналық клуб қақпасын алғашқы минуттардан бастап Никита Бояркин қорғады. Дмитрий Гурков, жарақат алған Энтони Луис пен Қазақстан жастар құрамасымен бірге әлем чемпионатына аттанған Дінмұхамед Қайыржан бастапқы құрамнан тыс қалды. Олардың орнын Батырлан Мұратов, Джереми Бракко мен Кирилл Максимов басты.

Матчтың алғашқы бөлігі белсенді ойнап, қақпаны көп көздеген қонақтардың еншісінде қалды. Ал "Барыс" айып уақытын ала бастады. Бірінші кем құрамдағы ойын қазақстандықтар үшін қауіпті шабуылдарсыз өтсе, екінші мүмкіндікті "Салават Юлаев" мүлт жібермеді. Алайда төрешілер голды шайба соғылған сәтті бейнежазбадан қарап, тексергеннен кейін ғана есепке алды. Александр Кадейкин шайба авторы атанды. Екінші жиырмаминуттық таласты тартысқа толы болғанымен, қақпаға бағытталған соққы саны аз болды.

Ал шешуші кезеңде айдын иелері жылдамдықты үдетіп, қарсыласын алаңнан қуылуға мәжбүрледі және ойынды өз қолдарына алды. Алдымен Аркадий Шестаков ортаға қарай ойысып, Илья Ежовтың қақпасын дәл көздеді. Соңғы минутта Егор Петухов кейін серпілген шайбаны қақпаға дәл бағыттап, "Барысқа" жеңіс сыйлады. Никита Бояркин қарсыластың 20 соққысынан өз қақпасын қорғап қалды.

"Барыс" - "Салават Юлаев" (2:1) матчынан кейін командалардың бас бапкерлерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

"Мықты қарсыласқа қарсы өткізген күрделі матч. Араға бір күннен салып төрт матч ойнадық. Осы ойындардың бәрінде қорғаныста жақсы ойнағанымызбен, өз айдынымыздағы бірінші матчта шабуылдарымыз нәтижелі болмады. Бүгінгі ойын өткен матчқа ұқсас болды, алайда біз өзімізден күш пен эмоция таба білдік. Белсенді ойнап, артық құрамда өнер көрсету мүмкіндігін иелендік. Сан басымдығындағы ойынның сапасы жоғары болмағанымен, басымдықты өзімізге қайтара алдық. Ақырында, гол соғып, жеңіске жеттік. Әрине, біз үшін маңызды жеңіс. Жанкүйерлерге қолдау үшін рақмет! Соңына дейін берілмей, жігер танытып, жеңісті жұлып алған жігіттер жарады", - деді "Барыс" ХК бас бапкері Андрей Скабелка.

"Бірінші кезеңді жақсы өткіздік. Екінші жиырма минуттықта қарсылас көп шабуыл жасай бастағанымен, біз қорғаныста жақсы ойнап, шабуылдарға тосқауыл бола білдік. Үшінші кезеңдегі кем құрамдағы ойын қарсыластың екі ұпайды еншілеуіне мүмкіндік берді. - Өткен ойында да сан басымдығы қорытынды нәтижеге ықпал еткен. Бүгін "беске-бес" форматында кейбір сәттерді назардан тыс қалдырдық деп айта алмаймын. Бізді артық құрамдағы ойын арқылы жеңіп кетті", - деді "Салавата Юлаев" ХК бас бапкері Виктор Козлов.

6 желтоқсан күні Андрей Скабелка шәкірттері өз айдынында "Ақ Барсты" қабылдайды.

 "Барыс" – "Салават Юлаев" 2:1 (0:1, 0:0, 2:0)

0:1 – 12:15 – Кадейкин (Коледов) СБШ

1:1 – 56:11 – Шестаков (Бекетаев, Грэм) СБШ

2:1 – 59:12 – Петухов (Грэм)

Қақпашылар: Бояркин – Ежов 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу