Бұл сапарға "Барыс" сапынан қақпашылардан Никита Бояркин, Йони Ортио, Андрей Шутов, қорғаушылардан Олле Альсинг, Әділ Бекетаев, Самат Данияр, Эрик Мартинссон, Джо Морроу, Валерий Орехов, Роман Савченко, Егор Шалаповтар, шабуылшылардан Әлихан Әсетов, Якоб Берглунд, Кёртис Волк, Линден Вей, Дмитрий Гурков, Динмухамед Қайыржан, Коди Куник, Якоб Лилья, Никита Михайлис, Егор Петухов, Кирилл Савицкий, Антон Сагадеев, Роман Старченко, Аңсар Шайхмедденов, Томаш Юрчолар сапарға аттанды.
Айта кетейік, 17 желтоқсан күні қорғаушы Даррен Диц "Барыстан" мәскеулік ЦСКА сапына ауысты. Қазақстандық команда бұған ақшалай өтемақы алды. Даррен Диц "Барыста" бес маусымға жуық уақыт өткізді. Ол 269 матчта 174 (67 + 107) ұпай жинаған.
Ертең, 21 желтоқсан күні "Барыс" "Автомобилиске" қарсы кездесу өткізеді. Бұл ойында екатеринбургтік команда айдынға ретро стиліндегі жейдемен шығады.
"22 желтоқсанда біздің клуб өзінің 75 жылдығын атап өтеді. Ал 21 желтоқсанда "Автомобилист" "Барыспен" кездеседі. Бұл матчқа хоккейшілеріміз эксклюзивті ретро жейдемен шығады. Біз өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғындағы хоккейшілер киген ойын жейдесін барынша шынайы етіп жасауға тырыстық. Дәл осы жейде клуб мұражайында бар", – деп жазды "Автомобилист" хоккей клубының сайты.
Қос команда арасындағы кездесу ертең елорда уақыты бойынша 20:00-де басталады.
Ермұхамед Мәулен