"Северсталь" Нұр-Сұлтанға қатарынан үш матчтағы жеңістен кейін келді. Жұма күні Андрей Разиннің шәкірттері өз алаңында Риганың "Динамосын" 2:0 есебімен жеңді. "Северсталь" Батыс конференциясының үздік сегіздігіне ілікті. Команда 20 кездесуден кейін 22 ұпай жинап, Нұр-Сұлтанға келді. Ал "Барыс" соңғы турда өз алаңында "Локомотивтен" ұтылды.
"Барыс" пен "Северсталь" арасындағы матчта Череповец қаласынан келген команда мықты болып шықты. Елордалық клубтың бапкерлік штабы кезекті матч алдында ойыншылардың құрамын тағы да өзгертті. Эрик Мартинссон бұл кездесуге қатыса алмады. Есесіне оның орнына Роман Савченко айдынға шықты.
Қонақтар бастапқы кезеңді ширақ бастап, бірнеше қауіпті сәттер ұйымдастырды. Кезеңнің екінші жартысында "Барыс" ойынды теңестірді. Алайда "Северсталь" үзіліске дейін-ақ мақсатына жетті. Гол авторы Ортиомен бетпе-бет қалған Роберт Рооба болды. Егер бұл уақытта ойыншыға қақпашы мен қақпа бағанасы кедергі келтірсе, келесі шабуылда Адам Лишканың есеп ашуына ештеңе кедергі болмады.
Екінші кезеңде қазақстандықтар әлдеқайда белсенді өнер көрсетті. Бірақ Череповец қаласынан келген команда қарсыластың шабуылына төтеп беріп, өздерінің мүмкіндіктерінің бірін жүзеге асырды. Гол авторы Яков Стенквист.
"Барыс" тек кездесудің 44-минутында ғана Шугаевтың осал тұсын тапты. Қарсы шабуыл ұйымдастырған Аркадий Шестаков қақпаға дәл бағыттады. Осыдан кейін "Северсталь" тағы бір гол соғу мүмкіндігін күтті. Игорь Гераскин қарсыластардың аймағына өтіп, Ортио қорғайтын қақпаны дәл көздеді. Біраз уақыттан кейін Рооба дубль жасады. Ал Владислав Кодола айдын иелерінің қақпасына бесінші голды соқты.
Енді "Барыс" 26 қазан күні Новосібірде "Сібір" хоккей клубымен кездеседі.
Ермұхамед Мәулен