"Барыс" "Сібірден" жеңіліп қалды

894

Құрлықтық хоккей лигасы аясында өткен кезекті ойында "Барыс" ХК қолда тұрған жеңісті уыстан шығарып алды.

"Барыс" "Сібірден" жеңіліп қалды Фото: sports.kz

Жаңа маусымдағы екінші ойында "Барыс" өз айдынында "Сібірмен" кездесті. Биыл жазда "Сібірдің" бас бапкері ауысып, команданың екінші сұрмергені Александр Шаров ұжымнан кетті. Жаңа маусым алдында осындай өзгерістерге ұшыраған новосібірлік клуб сырт айдында "Авангардқа" 1:2 есебімен жол берді. "Сібірдің" жалғыз шайбасын Алексей Яковлев соқты. Өз қақпасына жасалған 33 соққыны кері қайтарған Антон Красоткин жақсы матч өткізді. Команданың жаңа ойыншылары Энди Андреофф пен Николай Прохоркин нәтижелі ойынмен көзге түсе алмады. Новосібірлік хоккейшілердің бапкері Дэвид Немировский бірінші кезеңде қате көп болғанын айтып, жеңіліске себеп болған жағдайлардың бірі кем құрамдағы ойын екенін атап өтті.

"Барыс" жаңа маусымды өз айдынында бастап, "Салават Юлаевтан" жеңілді – 2:3. Алдымен қарсыласына үш шайба айырмашылығымен есе жіберіп жатқан Андрей Скабелка шәкірттері Тамирлан Гайтамиров пен Понтус Обергтің ("Барыс" құрамындағы алғашқы голы) дәл соққыларының арқасында бәсекеге қайта қосылды. Алайда астаналық хоккейшілер ойынды овертаймға ұластыра алған жоқ. Елордалық клуб сапынан бірден үш ойыншы Құрлықтық хоккей лигасындағы дебюттік матчын өткізді, олар: Райли Барбер (нәтижелі пас), Әлихан Өмірбеков пен Джозеф ЛаБейт. Андрей Скабелка шәкірттерінің үшінші кезеңге қарай ғана ойынды сезіне бастағанын айтты.

Өткен маусымда "Барыс" пен "Сібір" алты рет кездесті. Екі команда арасындағы теке-тірес 3:3 есебімен тең аяқталды, оның ішінде соңғы екі матчта ресейлік ұжым жеңіске жеткенін атап өту керек.

Ал бүгін, 4 қыркүйекте Астанада Андрей Скабелканың шәкірттері Новосібірдің "Сібірін" қабылдап, 4:5 есебімен жеңіліп қалды. Айдын иелері матч барысында 3:0 есебімен алға шыққанымен, қарсыласына есепті  теңестіруге мүмкіндік берді – 3:3. Одан кейін "Барыс" тағы да 4:3 есебімен алға шықты, бірақ "Сібір" негізгі уақыт аяқталмай жатып таразы басын теңестірді. Нәтижесінде матч овертаймға ұласып, қонақтар жеңіс тойын тойлады. "Барыс" сапынан Давид Скленичка (6 минут), Алекс Грант (12), Райли Барбер (26) және Батырлан Мұратов (52) гол соқты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу