"Барыс" "Сібірге" жол берді

1354

Бұл елордалық хоккей клубының ҚХЛ-дағы қатарынан үшінші жеңілісі.

"Барыс" "Сібірге" жол берді

Құрлықтық Хоккей Лигасының тұрақты чемпионатының кезекті матчында "Барыс" Новосібірдің "Сібірімен" сырт алаңда кездесті. Айдын иелері екінші кезеңнің басында Никита Шашковтың шабуылының арқасында есеп ашты.

"Барыс" кезеңнің екінші бөлігінде белсенді өнер көрсетіп, Якоб Лильяның қақпаға бағыттаған дәл соққысы голға айналды. Алайда үзіліске айдын иелері көшбасшы ретінде кетті. Миловзоровтың голы "Сібірді" алға шығарып, есеп еселене түсті. Үшінші кезеңнің соңғы минутында қақпа бос қалғанда Блэкер Олег Лиді заңсыз тоқтатты. Төреші мұны гол деп есептеді. Нәтижесінде 3:1 есебімен "Барыс" Новосібірге жеңіліп, Сочиге аттанды. Ол жақта елордалық хоккей клубы сәрсенбі күні жергілікті аттас командамен кездесу өткізеді.

Бұл "Барыстың" қатарынан үшінші жеңілісі және 16 ұпаймен Шығыс конференциясының оныншы орнына түсіп қалды. "Сібір" керісінше, 17 ұпаймен сегізінші орынға көтерілді. Дегенмен Новосібірлік команда "Барысқа" қарағанда алты кездесу көп өткізді.

Матчтан соң баспасөз жиыны өтті. Командалардың бапкерлері ойынға қатысты өз пікірлерін білдірді.

"Бірінші және үшінші кезеңдерде біз қарсыластан басымырақ болдық. Ал екінші айналымда сәтсіз өнер көрсеттік. Қарсы шабуылдарды жіберіп алдық және кейбір жерлерде қателікке жол бердік. Енді осы қателіктер бойынша жұмыс істейтін боламыз", –- деді "Барыс" хоккей клубының бас бапкері Юрий Михайлис.

Ал "Сібірдің" бас жаттықтырушысы Николай Заварухин өздерінің қорғаныста мықты болғандарын ерекше атап өтті.

"Жақсы жеңіс болды. Қорғанысқа мығым болып, қарсыластың территориясында көбірек болуға тырыстық. Қарсы шабуылдарда жақсы ойнадық. Тартысты ойын болды. Әсіресе, соңында "Барыс" біздің қақпаға соққыларды көп  бағыттады. Бірақ біздің жігіттер қорғаныста жақсы ойнады", – деді Заварухин.

Ермұхамед Мәулен

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу