"Барыс" "Спартакты" жеңді

1502

Осы кездесуден кейін "Барыс" Шығыс конференциясында 9-орынға көтерілді.

"Барыс" "Спартакты" жеңді

"Спартак" Қазақстанға Мәскеуден келді. Сейсенбіде Олег Знароктың командасы "Сочиді" 5: 3 есебімен жеңген болатын. Гол авторлары Лукаш Радил, Мартин Бакош, Илья Талалуев, Артём Федоров және Никита Соколовтар. Батыс конференциясының кестесінде "Спартак" алтыншы орында тұр. Ойыншылардан жарақат алғандар тізімінде бірден үш қорғаушы - Никита Пивцакин, Андрей Кутейкин және Дмитрий Вишневский бар. Бұл осы маусымдағы екі команда арасындағы екінші кездесу. 14-қазанда Даррен Дицтің дубльінің арқасында "Барыс" командасы Мәскеуде овертаймда 3:2 есебімен жеңіске жеткен еді.  

Бұл "Барыстың" өз алаңындағы матчтар сериясының алғашқы ойыны болатын. Айдын иелері бірінші кезеңнің ортасында Кертис Волктың арқасында есеп ашты. Екінші үзіліске аз уақыт қалғанда "Барыс" хоккейшісі Якоб Лилия есепті еселей түсті.

"Спартактың" ойыншысы Сергей Широков үшінші кезеңнің аяқталуына аз уақыт қалғанда есеп айырмашылығын қысқартты. Соңғы минуттарда Олег Знароктың шәкірттері қарсыластар қақпасына бірнеше мәрте шабуыл жасады. Бірақ "Барыс" қақпасына гол соға алмады. Нәтижесінде кездесу 2:1 есебімен, елордалық клубтың пайдасына аяқталды.

Матч аяқталған соң екі команданың бас бапкерлері кездесуге қатысты өз пірілерімен бөлісті.

"Біз бірінші кезеңде қанша тырысқанымызбен, мүмкіндігімізді жіберіп алдық. Гол соғу керек еді, мүмкіндіктер болды" - деп қысқа қайырды "Спартак" хоккей клубының бас жаттықтырушысы Олег Знарок.

 "Бірінші кезеңді біздің команда ұйымшылдықпен ойнады. Төзімділік танытып, гол соғылды. Қорғаныста жақсы ойнадық. Негізінде команда шабуылда жақсы көрінді. Соңында бір ойыншымыз алаңнан қуылды. Сондықтан бұл матчтың нәтижесіне әсер етті деп ойлаймын. Жақсы ойын болды. Біз бұл матчқа дайын болдық. Жігіттердің жігерлі екендігі киім ауыстыратын бөлмеде-ақ көрініп тұрды" - деді "Барыстың" бас бапкері Юрий Михайлис.

Сонымен қатар осы кездесудегі гол авторларының бірі Якоб Лилья да ойын туралы айта кетті.

"Тамаша сезімдеміз. Біз жеңіске жеттік! Екі ұпай иеленгенімізге қуаныштымыз. "Спартак" - жақсы қарсылас. Ойын барысында қиындықтар болды. Бірақ біз жақсы жұмыс жасадық. Бүгін қақпашының көмегі көп болды, жақсы сейвтер жасады", - деді "Барыс" ХК шабуылшысы Якоб Лилия.

"Барыс" осы жеңістің арқасында 27 ұпай жинап, Шығыс конференциясында тоғызыншы орынға көтерілді. Олег Знароктың шәкірттері 34 ұпаймен "Батыста" алтыншы орынға жайғасты. Енді елордалық команда өз айдынындағы матчтар сериясын 1-желтоқсанда "Сочиге" қарсы ойынмен жалғастырады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу