"Барыс" хоккей командасы "Гагарин кубогы" алдында жолдастық кездесуде мәскеулік "Спартакты" 7:2 есебімен жеңді. Кездесудің 14-минутына қарай астаналық клуб Батыс конференциясындағы қарсыластарынан 4:1 есебімен алға шықты. Матчтың 5-8 минутында Егор Петухов дубль жасады. Содан кейін Кертис Волк (10-минут) пен Якоб Берглунд (14- минут) тағы бір-бір голдан соқты.
Екінші кезеңде Кирилл Савицкий (25-минут) мен Әлихан Әсетов (32-минутта) гол соқса, үшінші кезеңде Волк (50-минутта) қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Ал ресейліктерге келсек, Эмиль Петтерсон (12) мен Дмитрий Вишневский (32) есеп айырмашылығын қысқартты. Қорытынды есеп 7:2.
"Барыс" өткен маусымда "Спартакпен" екі рет кездесіп, екі кездесуде де (1:4 және 2:5 есебімен) ұтылып қалған болатын.
Еске салайық, қазақстандық команданың Гагарин кубогы аясындағы қарсыластары анықталған болатын, ал плей-офф кезеңі наурыз айының басында өтетін болды. Елордалық клуб "Спартакпен" кездесуден бөлек, Мәскеуде тағы екі бақылау матчын өткізеді. Содан кейін Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) плей-офф кезеңінің бірінші турында Юрий Михайлис шәкірттері "Металлургпен" кездеседі. Төрт жеңіске дейінгі серия Магнитогорскіде 1 және 3 наурызда өтетін екі матчпен басталады. Одан кейін командалар Нұр-Сұлтанда 5 және 7 наурызда ойнайды. Қажет болған жағдайда командалар қосымша ойындарды 9 наурыз – Магнитогорскіде, 11 наурыз – Нұр-Сұлтанда, 13 наурыз – Магнитогорскіде өткізеді.
Ермұхамед Мәулен