Құрлықтық хоккей лигасының ширек финалының үшінші матчында "Барыс" "Металлургтан" жеңіліп қалды. Осыдан кейін магнитогорскілік команда тағы да серияда көш бастады.
Алаң иелері алғашқы үзіліске аз уақыт қалғанда есеп ашты. Линус Виделльдің шығарған пасын Якоб Лилья қақпаға дәл бағыттап, мүмкіндігін қалт жібермеді. Николай Голдобин екінші кезеңнің басында есепті теңестірді. Сәл кейінірек Егор Мартыновтың айдынның дәл ортасындағы көк сызықтан лақтырған шайбасы қақпадан табылды. Осылайша Мартынов "Металлургты" алға шығарды. Нәтижесінде бұл шайба матчта шешуші болды.
"Барыс" – "Металлург" 1:2 (1:0, 0:2, 0:0)
1:0 – 14:41 – Лилья (Виделль) ГМ
1:1 – 23:13 – Голдобин (Земчёнок, Плотников)
1:2 – 26:00 – Мартынов (Кошелев, Бек)
Қақпашылар : Ортио – Олкинуора
Матчтан кейін бас бапкерлердің қатысумен баспасөз конференциясы өтті.
"Жақсы ойын болды. Бұл матч шын мәнінде алдын ала күтілгендей тартысты өтті. Менің ойымша, бірінші кезеңде бізге бейімделуге біраз уақыт кетті. Біз жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз", - деді "Металлург" ХК бас бапкері Илья Воробьев.
"Бізді қолдауға келген жанкүйерлерімізге рахмет. Жақсы эмоционалды фон болды. Жігіттер оны сезінді. Маусымда жетпеген қолдауды біз бүгін сезіндік. Мен бүгін жеңіске жете алмағанымыз үшін кешірім сұрағым келеді. Ойынға келер болсақ, бірінші кезең тартысты өтті. Екіншісінде мұқият болмай, екі гол жіберіп алдық. Үшінші кезеңде жігіттер керемет ойнады", - деді "Барыс" ХК бас бапкері Юрий Михайлис.
8-наурызда командалар ширек финалдың төртінші матчын Нұр-Сұлтанда өткізеді.
Ермұхамед Мәулен