"Барыс" Владивостокта "Адмиралды" жеңді

407

Елордалық хоккей клубы қатарынан үшінші матчта жеңіске жетті.

"Барыс" Владивостокта "Адмиралды" жеңді Фото: ru.hcbarys.kz

Астаналық "Барыс" сырт алаңдағы ойындар сериясын жалғастырып жатыр. Команда құрамына бір матчтық дисквалификациядан кейін Әлихан Әсетов қайта қосылды.

Ол Шанхайда "Драгонсқа" қарсы матчта айдын иелерінің қорғаушысы Уайт Калинюкпен төбелесіп қалған болатын.

Матчтың алғашқы кезеңінде қонақтар ойын тізгінін қолға алғанымен, гол соға алмады. Ал "Адмирал" сапынан Либор Шулак штангаға дәл соққы жасап, көзге түсті. Дегенмен есеп ашылмады.

Екінші кезеңде айдын иелері белсенділік танытты. Алайда "Барыс" қорғаныста сенімді ойнап, сирек мүмкіндіктерінің бірін тиімді пайдаланды. Джейк Масси төрт қарсыласын алдап өтіп, Макс Уиллманға гол соғуға мүмкіндік жасады.

Кейін Никита Тертышный Никита Бояркиннің қақпасынан саңылау тауып, есепті теңестірді. Дегенмен кездесудің шешуші шайбасын 4-4 форматында Тайс Томпсон соқты. Бояркин матч барысында 31 сейв жасады.

Осылайша, елордалық ұжым 2:1 есебімен жеңіске жетті. 13 наурызда "Барыс" "Адмиралға" қарсы тағы бір матч өткізеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу