Естеріңізге сала кетейік, өткен жазда Михайлис "Барысты" басқарды. Кейіннен команда кезекті рет ҚХЛ плей-оффқа шықты. Мамыр айында маман элиталық дивизионда өткен әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері ретінде дебют жасады. Латвиядағы турнирде біздің команда өзі үшін рекордтық нәтижеге қол жеткізді. Төрт жеңіске жетіп, топта бесінші орынға ие болды.
"Барыс" жаттықтырушылар штабында өзгерістер болған жоқ. Юрий Владимировичке Александр Ахцигер, Андрей Шаянов, Максим Семенов және Александр Шимин көмектесуді жалғастырады.
52 жастағы Михайлис өткен маусымда Құрлықтық Хоккей лигасының ойындары алдында "Барысқа" бапкерлік қызметке күтпеген жерден келді деуге де болады. Себебі бұған дейін оның осы деңгейде хоккейшілерді жаттықтыратындай тәжірбиесі болған жоқ. Қазақстандық маман қойылған міндеттерді мүлтіксіз орындады. Алдымен ол сенімді түрде Гагарин кубогына клубты бастап барды. Содан кейін Латвияда өткен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасымен бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсетті. Бірақ екі турнирдің шешуші сәттерінде де Михайлис шәкірттерінің жолы болмады. "Металлург" сериясында, Норвегиямен өткен ойында айтарлықтай ойын жоспарын көре алмадық.
Айта кетейік, "Барыс" Құрлықтық хоккей лигасының биылғы маусымын өз айдынында "Салават Юлаевпен" (3 қыркүйек), "Металлургпен" (5 қыркүйек), "Амурмен" (8 қыркүйек) және "Спартакпен" (11 қыркүйек) өтетін төрт матчтық кездесулермен бастайды. Содан кейін команда Мәскеу - Рига - Хельсинки бағыты бойынша жолға шығады. 14 қыркүйекте "Барыс" ЦСКА-мен, 16 қыркүйекте - "Динамомен", ал 18 қыркүйекте – "Йокеритпен" ойнайды. Тұрақты чемпионат елордалық команда үшін 2022-жылы 1-наурызда "Автомобилистпен" болатын сырт алаңдағы матчпен аяқталады.
Ермұхамед Мәулен