Он мыңға жуық жанкүйердің қолдауымен "Барыс" ойынды жақсы бастап, қарсылас қорғанысына біраз қиындық туғызды. "Тракторды" артықшылық құтқарды. Челябинскіден келгендер әуелі ойынды өз қақпасынан алыстатты, артынша Джошуа Ливоның күшімен есеп ашты. Астаналықтар көп күттірмеді. Максим Мухаметов қақпа артындағы күресте жеңіп шығып, Ансар Шайхмедденовке пас шығарып, ол гол соғып үлгерді. Бірінші кезеңде қазақстандықтар қарсылас қақпасына 20 соққы бағыттап, оның 19-ын Сергей Мыльников қайтарып үлгерді.
Екінші кезеңде де командалар шайба алмасып отырды. Қарсылас қақпасы маңында ең жылдам қимылдаған Кирилл Савицкий көзге түссе, қонақтардың шабуылын Михаил Горюнов-Рольгизер голға айналдырды. Үшінші кезеңнің аяқталуына алты минуттай уақыт қалғанда ойыншылар артықшылығын тиімді пайдаланып, Тайс Томпсон ҚХЛ-дағы алғашқы шайбасын соқты. Бірақ "Трактор" негізгі уақытта жеңілістен құтылды. Пьеррик Дюбе "6-ға 5" ойнаған сәтте тең есеп орнатты.
Дегенмен, екі ұпайды "Барыс" еншіледі. Овертаймда Райли Уолш қарсылас қақпашысын қапы қалдырды.
"Барыс" – "Трактор" 4:3 ОТ (1:1, 1:1, 1:1, 1:0)
0:1 – 05:37 – Ливо (Гросс, Дер-Аргучинцев)
1:1 – 08:09 – Шайхмедденов (Мухаметов)
2:1 – 32:08 – Савицкий (Қайыржан, Шайхмедденов)
2:2 – 36:16 – Горюнов-Рольгизер (Ливо, Коромыслов)
3:2 – 52:42 – Томпсон (Веккьоне, Галимов)
3:3 – 57:31 – Дюбе (Дер-Аргучинцев, Ливо)
4:3 – 60:15 – Уолш (Масси, Морелли)
Қақпашылар: Шутов – Мыльников
Айта кетейік, 9 қыркүйекте Михаил Кравецтің шәкірттері "Амурға" қарсы ойнайды.