Қазақстандық шабуылшымен келісім 2025 жылдың 31 мамырына дейін бір маусымға жасалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстанда клубтық деңгейде Буялский Қарағандының "Сарыарқа" және "Алматы" жүйесінде ойнады. 2021 жылы оны ҰХЛ-ның "Колорадо Эваланш" командасы шақырды. Андрей соңғы үш жылын Вермонт университетінде NCAA-да өткізді. Өткен маусымда хоккейші 25 кездесу өткізіп, 11 (3+8) ұпай жинаған. Буялский Қазақстанның жасөспірімдер мен жастар құрамаларына тұрақты шақырту алады.
"Буялский – өз қатарластары арасында ең дарынды қазақстандық орталық шабуылшылардың бірі. Біз оның Солтүстік Америкадағы мансабын қадағаладық. Онда ол тәжірибе жинап, жаңа дағдыларға ие болды. Университеттегі оқуын бітірген Андрей Қазақстанға оралуды ұйғарып, тез арада келісімге келдік. Жоғары деңгейге өту Андрей үшін жеңіл өтіп, бірден командаға пайдасын тигізе бастайды деп сенеміз", — деді "Барыстың" бас менеджері Олег Болякин.
Сонымен қатар "Барыс" пен Минскінің "Динамосы" ойыншыларымен алмасты. Кристиан Хенкель мансабын Беларусь астанасының клубында жалғастырады. Қорғаушы өткен маусымда "Ақ барыстан" "Барысқа" ауысты. Елордалық ұжым сапында 32 матч өткізіп, 7 (1+6) ұпай жинады.
Ал Владислав Кодола қазақстандық команда намысын қорғайтын болды. Оның "Барыспен" келісімшарты 2025 жылдың 31 мамырына дейін жарамды. Беларусь құрамасының шабуылшысы "Северсталь", сондай-ақ Мәскеу мен Минскінің "Динамосында" ойнап, ҚХЛ-да 340 матч өткізген. Өткен маусымда Кодола минскілік команда сапында 45 матч өткізіп, 14 (3+11) ұпай жинады.
"Аркадий Шестаков кеткеннен кейін бізде орталық шабуылшы позициясында ойыншы тапшы болды. Біз бұл маңызды орынды тәжірибелі хоккейшімен толтыруды шештік. Владислав Кодола ҚХЛ-да сегіз маусым өткізген. Сонымен қатар оның халықаралық деңгейде ойнау тәжірибесі де жетерлік. Жуырда Беларусь құрамасының капитандық жейдесін киген Кристиан Хенкелге "Динамода" сәттілік тілейміз!", — деп қоса кетті "Барыстың" бас менеджері Олег Болякин.