"Барыс" жаңа маусымды жеңіліспен бастады

882

"Барыс" өз айдынында "Салават Юлаевпен" кездесті. 

"Барыс" жаңа маусымды жеңіліспен бастады Фото: hcbarys.kz

Уфалық ұжым маусымға дайындығын "Нефтехимикті" жеңіп, бастады (4:2). Одан кейін Виктор Козлов шәкірттері Башқұртстан Республикасы Кубогында жеңімпаз атанды. Чемпион турнирдің шешуші матчының соңғы минуттарында анықталғанын да атап өткен жөн. Кездесу барысында "Автомобилистен" екі шайба айырмашылығымен жеңіліп жатқан уфалық клуб есепті теңестіріп қана қоймай, негізгі уақытта жеңісті жұлып әкетті (4:3). Ал Омбыдағы Блинов Кубогында "Салават Юлаев" үш ойын өткізді. "Нефтехимикті" жеңіп (5:2), "Локомотив" (1:5) пен "Авангардқа" (2:2) есе жіберді. Дегенмен, осы турнир аясында "Барыспен" кездесу болған жоқ.

Осыдан бірнеше күн бұрын "Салават Юлаев" пен СКА өзара ойыншы алмастырды. Қорғаушы Никита Зоркин уфалық команда сапын толықтырса, шабуылшы Александр Филиппов СКА ойыншысы атанды. Уфалық ұжымның жаңа ойыншыларынан қақпашы Александр Самоновты, қорғаушы Динар Хафизуллинді, сондай-ақ шабуылшылар Владислав Ефремов пен Александр Шаровты ерекше атап өтуге болады.

"Барыс" Қазандағы маусым алды турнирін сәтсіз өткізгенімен, Блинов Кубогында табысты өнер көрсетті. Омбыдағы турнир аясында Андрей Скабелка шәкірттері "Локомотивті" (2:1), "Авангард" (4:3) пен "Нефтехимикті" (3:1) жеңді. Ойындардың бірінде Роман Старченко хет-трик авторы атанды. Осы жазда мұндай жетістікке "Автомобилист" ойыншысы Стефан Да Коста қол жеткізген. Сонымен қатар, астаналық команданың жаңа ойыншылары Райли Барбер, Джозеф ЛаБейт пен Давид Скленичка нәтижелі әрекеттерімен көзгі түсті. Эдвард Паскуале Блинов Кубогының үздік қақпашысы деп танылды.

Өткен маусымда "Барыс" пен "Салават Юлаев" өзара төрт рет кездесті. Командамыз Уфада ірі есеппен жеңіліс тапқаннан кейін (1:5), кейіннен теке-тіресте қатарынан үш жеңіске қол жеткізді (2:0, 4:1, 2:1).

Кездесу "Барыс-Арена" мұз айдынында Астана уақытымен 17:00-де басталды. Астаналық команда сапынан бірден үш ойыншы ҚХЛ-да дебют жасады: Райли Барбер, Әлихан Өмірбеков және Джозеф ЛаБейте. Бірінші кезеңде қонақтар есеп ашты. Гол авторы - Хмелевский. Екінші жиырма минуттық кезеңнің басында Владислав Ефремов тамаша комбинацияға нүкте қойып, уфалықтардың басымдығын нығайта түсті. Ал Александр Шаровтың соққан голынан кейін үшінші шайба алаң иелерінің қақпасына кірді.

"Барыстың" жаңа маусымдағы алғашқы голының авторы қазақстандықтарды финалдық үштіктің ортасында көк сызықтан лақтыру арқылы ойынға қайтарған Тамирлан Гайтамиров болды. Соңғы ысқырыққа төрт минуттан астам уақыт қалғанда Понтус Оберг "Барыс" жейдесімен ҚХЛ-дағы алғашқы голын соқты. Алайда астаналықтар ойынды овертаймға жалғай алмады.

Андрей Скабелканың шәкірттері келесі кездесуін 4 қыркүйекте өткізеді. Бұл күні "Барыс" өз алаңында "Сібірді" қабылдайды.

 "Барыс" – "Салават Юлаев" 2:3 (0:1, 0:1, 2:1)

0:1 – 12:51 – Хмелевский

0:2 – 24:18 – Ефремов (Лещенко, Науменков)

0:3 – 45:56 – Шаров (Шмелёв, Хафизуллин)

1:3 – 50:18 – Гайтамиров

2:3 – 55:34 – Оберг (Грант, Барбер)

ҚақпашыларПаскуале – Самонов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу