"Барыс" жаңа ойыншылармен толықты

2560

"Барыстың" Құрлықтық хоккей лигасының жаңа маусымында өнер көрсететін хоккейшілер құрамы анықталады. 

"Барыс" жаңа ойыншылармен толықты

Команда сапынан көшбасшы хоккейшілер кеткенімен (Роман Старченко, Кертис Волк), кейбір маңызды ойыншылармен келісім-шарт ұзартылды. Сондай-ақ командаға бірнеше жаңа ойыншы келді. Енді "Барыстың" кадрлық мәселесі бойынша жаңалықтарға тоқталайық.

Елордалық клуб Никита Михайлис және Юрий Петуховпен жаңа келісім-шарт жасағанын хабарлады. Никита "Барыстың" бұрынғы бас бапкері Юрий Михайлистің ұлы. 27 жастағы Қарағанды ​​қаласының тумасы спорттық мансабында тек "Барыс" жүйесіндегі командаларда ойнаған: "Номад" құрамында Қазақстан чемпионатында 50 ойын өткізіп, 25 (14+11) ұпай жинаған. "Снежные Барсы" командасында 120 матч өткізіп, 83 (48 + 35) ұпай жинады. 2021/22 жығы маусым Михайлис үшін нағыз жұлдызды шақ болды. Себебі ол 44 (18+26) ұпай жинап, тұрақты маусымда "Барыстың" үздік сұрмергені атанды. Плей-офф кезеңінде Никита бір гол соғып, бір нәтижелі пас берді. Спортшы мен клуб арасында жасалған жаңа келісім-шарт бір маусымға (2023 жылдың 30 сәуіріне дейін) арналған.

Ресейдің тумасы, 28 жастағы Петухов та "Барыстың" түлегі. Өткен маусымда 44 кездесуде 7 (4+3) ұпай жинаған. Сонымен қатар, "Барыс" екі қорғаушы - Максим Минеев пен Владислав Семинмен уақытша келісім-шартқа қол қойды. Минеев бұған дейін Омскінің "Авангард", "Динамо Мәскеу", "Северсталь Череповец", "Торпедо" және "Сочи" командаларында өнер көрсеткен. ҚХЛ соңғы маусымында (2020/21) Максим Сочи сапында 17 матч өткізіп, 2 (1+1) ұпай жинады. Минеев өткен маусымды Красноярскінің "Соколында өткізді.

Ал Владислав Семин ҚХЛ-дағы танымал ойыншылардың бірі. Оны тіпті лигадағы мінезді қорғаушы деп те атайды. "Нижний Тагил" хоккей командасының түлегі спорттық мансабын "Тюмень легионының" командасында бастаса, ҚХЛ-да Санкт-Петербург СКА құрамында дебют жасады. Санкт-Петербургте Семин негізінен фарм-клубтарда ойнады және соңғы маусымды Магнитогорскінің "Металлургінде" өткізді, бірақ ол тұрақты маусымда Магнитка сапында тек 16 ойынға қатысып үлгерді.

"Барыстың" жаңа маусымға дайындығына таяуда баға бере аламыз. 16 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы, дайындық турнирі басталады. Оған елордалық командадан басқа Шығыс конференциясында өнер көрсететін Екатеринбургтің "Автомобилист", Нижнекамскінің Нефтехимик және Магнитогорскінің "Металлург" командалары қатысады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу