Бұл ойын "Шығыс" конференциясының үшінші орыны үшін талас еді. Үздік үштікте "Автомобилист" командасы тұрғандықтан, "Барыс" олардан бір ұпайға кемшін болатын. Екі команданың өткізген ойындарының саны да бірдей - 40. Жеңіске ұмтылған елордалықтар ойынды өте ширақ бастады. Бірінші болып Кирилл Панюков есеп ашты. Бірақ, Артем Гареев таразы басын теңестіріп кетті.
Бірінші периодты "Барыс" ойыншылары жеңіспен аяқтады. Роман Старченко Якуб Коварж қорғаған қақпадан саңлау тапты. Екінші кезең бастала салысымен, яғни 22-минутта Роман Старченко дубль авторы атанды. Ал 30-минутта Никита Михайлис есепті 4-1 қылды. Жеңісті уысынан жібермесе де, қазақстандық команда қақпасына бір шайба жіберіп алды. Ол голды өзіміздің ұлттық құрамамыздың шабуылшысы Найджел Доус соқты. "Автомобилист" 2 шайбадан соң, өзгеге шамасы келмесін біліп, жеңілісін мойындады. Есеп 4-2, "Барыстың" жеңісі.
Ермұхамед Мәулен