"Барыс" жеңілістен көз ашар емес

1380

Елордалық хоккей клубы қатарынан бесінші ойында жеңіліс тауып, елге қайтты.

"Барыс" жеңілістен көз ашар емес Фото: hcbarys.kz

Қонақтағы матчтар сериясының финалдық кездесуінде "Барыс" Шығыс конференциясының көшбасшысы "Салават Юлаевқа" есе жіберді.

Кездесу бастала салысымен айдын қожайындары айқын басымдықпен алға шығып қонақтарды қапы қалдырды.

Алғашқы ұйымдастырылған екі шабуыл да голмен аяқталды. Гол авторлары Степан Санников пен Данил Алалыкин. Егор Петухов екінші кезеңнің басында маусымдағы жетінші голын соғып, "Барысты" ойынға қайтарғандай болды.

Дегенмен бұл қуаныш ұзаққа бармай, айдын иелері екі голмен жауап берді. Сергей Шмелев ойыншылар басымдығын пайдалана білді. Ал Александр Хмелевский пенальти арқылы қарсы шабуылға нүкте қойды. Жиырма минуттық кезеңнің соңында қонақтар да гол соқты, бірақ Энтони Луидің шайбасын кейін офсайдқа байланысты төрешілер есепке алмады.

Үшінші кезеңнің ортасында Алексей Пустозеров астаналықтарды бесінші рет қапы қалдырды. Қорытынды есеп "Салават Юлаевтың" пайдасына 5:1 есебімен аяқталды.

Матчтан кейін командалардың бас бапкерлері ойынға қатысты өз пікірлерін білдірді.

"Бүгінгі ойында ғана емес, жалпы алғанда қиын жағдайда қалдық. Ойыншылар қаншама жеке қателіктер жіберді... Бұл жерде бәріміз көшбасшы болуымыз керек еді. Иә, жігіттер жарақат алды деуге болады. Бірақ біреудің жарақаты көп ойнамайтындарға мүмкіндік болды. Ал аз ойнайтын ойыншылар көп ойнағымыз келеді дейді. Алайда мұндай ойынға олар сай келмейді. Қатты көңіліміз қалды. Енді басқа шешім қабылдаймыз", – деді "Барыстың" бас бапкері Андрей Скабелка.

Ал "Салават Юлаев" хоккей командасының бас бапкері өз ойыншыларына риза екенін жасырмады.

"Біздің жігіттер – Паша мен Юрий бейне-голдан офсайдты байқады. Екінші гол есептелсе, ойын барысы өзгеруі мүмкін еді. Жігіттер жылдам әрі нәтижелі жұмыс жасады. Бұл бізге көмектесті. Данил өз деңгейін көрсетті, жақсы ойнады. Енді бәлкім, тағы да гол соғады. Бұл психологиялық ауыртпалық және жағдай әр ойын сайын қиындай түседі. Барлығымыз жанкүйерлер үшін ойнаймыз, оларға қуаныш сыйлаймыз. Жігіттер бар ынтасын салып ойнайды. Біздің ұжымда бейжай жүретін адам жоқ. Оны жанкүйерлер көріп отыр", деді Виктор Козлов.

"Салават Юлаев" – "Барыс" 5:1 (2:0, 2:1, 1:0)

1:0 – 08:16 – Санников (Картаев, Панин)

2:0 – 10:26 – Алалыкин

2:1 – 21:14 – Петухов (Сагадеев)

3:1 – 23:40 – Шмелёв (Бочаров, Коледов)

4:1 – 31:38 – Хмелевский (Кулёмин)

5:1 – 49:05 – Пустозёров (Алалыкин)

ҚақпашыларКареев – Гудачек

Осы матчта жеңіске жеткен "Салават Юлаев" Шығыста 2-орынды сақтап қалса, елордалық команда турнирлік кестеде 1 саты төмендеп 6-орынға жайғасты. Енді 1 қарашада "Барыс" өз айдынында "Сібірді" қабылдайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу