Барыс жылында дүйім дүниенің дегбірін қашырған оқиғалар

1765

 2022 жылы жер-жаһанда адамзатты алаңдатқан төтенше оқиғалар жиі болды. 

Барыс жылында дүйім дүниенің дегбірін қашырған оқиғалар Фото: yandex.kz

Зілзала, аптап ыстық пен сарышұнақ аяз, өртенген алқап, құлаған ұшақ пен террорлық жарылыстар. Бұл туралы БАҚ беттерінде жыл бойы үзіліссіз ақпараттар шықты. Барыс жылында дүйім дүниенің дегбірін қашырған оқиғаларға шолу:

21 наурыз. Аспан асты елінде ішкі рейсті орындаушы Boeing 737 ұшағы апатқа ұшырады. 123 жолаушы, 9 экипаж мүшесі – ұшақта болған 132 адамның бәрі оқиға орнында опат болды. Құтқарушылар күл-талқаны шыққан ұшақтың қиындыларын қолмен жинады. "Қытай Шығыс авиакомпаниялары" желісіне тиесілі әуе кемесінің не себепті апатқа ұшырағаны әлі күнге дейін белгісіз.

Ал, Сенегал жұрты мамыр айында 11 жаңа туған нәрестені жерледі.

Перзентханада өрт шығып, шақалақтар өмірге келмей жатып, ажал құшты. Қызыл жалын ешкімді аяған жоқ: еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жазмыштан құтыла алмады. Шіліңгір шілденің ыстығында Еуропа жұрты әуре-сарсаңға түсті: ауаның жоғары қысымы мен өрттен 15 мың адам қаза тапты! Германия мен Испания – ең қатты зардап шеккен ел. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, биыл рекордтық ыстық жаз болған. Аптаптан Испания мен Португалия аумағының 90 процентін құрғақшылық жайлады.

Ауғанстан, Сомали, Нигерия – 2022 жылы лаңкестік әрекет ең көп тіркелген елдердің үштігі. Сомали астанасы Могадишо қаласында қазан айында қатарынан екі рет жарылыс тіркелді. Салдарынан 100-ден астам адам қайтыс болды. Билік бұл қастандық үшін "Әл-Каиданы" айыптап отыр. 

Биыл Оңтүстік Корея жұрты қара жамылды.

Қазанның аяғында  Сеулде Хэллоуинді атап өту кезінде адамдар бірін-бірі таптап, 158 адам қайтыс болды. Қатарында отандасымыз да бар. 100 мыңнан астам адамның тәртібін бақылауға 137 ғана полиция қызметкерін жіберген елдегі билік бұл оқиғадан соң халықтан өкініп кешірім сұрады.

"Мен өзімді балаларынан айырылған ата-аналармен салыстыруға батылым бармайды, бірақ адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауы тиіс президент ретінде жүрегім ауырады. Өте өкінішті, қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамын, Корея халқынан кешірім сұраймын", деді Оңтүстік Корея Президенті Юн Сук Ель.

"Апат айтып келмейді". Қараша Индонезия жұртшылығы үшін ауыр ай болды. Батыс Явада болған зілзаладан 318 адам опат болды.

Адам шығынының көп болуы сапасы төмен құрылыс пен халықтың көп шоғырлануына байланысты.

"Бұл апаттың сұмдық болғаны соншалық – одан айығу енді оңайға тимейтіні анық", деді Индонезия Президенті Джоко Видодо.

Индонезия сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақта орналасқан. Сондықтан мұнда жер сілкінісі мен жанартаудың атқылауы жиі болып тұрады. Бірақ мамандар кейінгі уақытта табиғат апаттары климаттың өзгеруі салдарынан жиілеп кеткенін айтады. Биыл Еуропаны жайлаған құрғақшылық – соның бір көрінісі. Биылғы бұл апат "табиғатты қорғау – адамзаттың борышы" екенін тағы да еске салды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу