"Барысқа" басты үміткер

1658

46 жасар финляндиялық маман Вилле Пелтонен "Барыс" хоккей клубының бас бапкері болып тағайындалуы мүмкін.

"Барысқа" басты үміткер

Пелтонен Финляндия Ұлттық құрамасында өнер көрсетіп жүрген шақта төрт мәрте Олимпиада ойындарының жүлдегері атанған. Олардың біреуі күміс және үшеуі қола медаль. Әлем кубогінде сегіз медаль, ал 1995 жылы құрамасымен бірге алтын жүлде жеңіп алды. Өзінің спорттық мансабы барысында Вилле Ұлттық Хоккей Лигасында "Сан-Хосе", "Нэшвилл" және "Флорида", Құрлықтық Хоккей Лигасында Минскінің "Динамо" клубында ойнаған. Сондай-ақ ол Финляндия және Швейцария чемпионаттарында жеңіске жеткен.

Вилле Пелтонен бапкерлік мансабын 2014 жылы бастаған. Ең әуелі Финляндияның жастар құрамасын, яғни ХИФК командасын жаттықтырған. Кейіннен Финляндия Ұлттық құрамасының бас бапкері Кари Ялоненнің көмекшісі болып қызмет атқарған. Пелтонен 2015 және 2016 жылдары Әлем чемпионатында Ұлттық құрамамен бірге жұмыс жасаған. 2016-жылы Вилле Швейцарияның "Берн" командасында тағы да сол бапкер Ялоненнің көмекшісі болып тағайындалды. Олар бірге бапкерлік ете отырып, 2017 жылы Әлем чемпионатында "Берн" командасының жеңіске жетуіне себепкер болды.

2017/2018 жылғы маусымда Пелтонен тағы бір швейцариялық "Лозанна" клубына ауысып, бас бапкер болып тағайындалды. Алғашқы маусымда "Лозанна" плей-оффта жартылай финалға дейін жетті. Екінші жылы Лигада 6-орын иеленді. Ал плей-офф ойындары коронавирус пандемиясына байланысты өткен жоқ.

"Барыс" Хоккей клубы бас бапкерлікке үміткер Вилле Пелтоненге байланысты әзірге нақты шешім қабылдаған жоқ. Егер финляндиялық білікті маман елордалық хоккей клубының тізгінін ұстаса, "Барысты" өрге сүйрейтіні анық. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін "Барыстың" жаттықтырушысы болған Андрей Скабелка Нұр-Сұлтанның хоккей клубы мен хоккейден Қазақстан Ұлттық құрамасында бапкерлікті қатар алып жүруден бас тартып, кейіннен Ресейдің "Локомотив" командасына бапкерлік қызметке тағайындалған болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу