"Барыстан" бақ тайды ма?

1951

Құрлықтық хоккей лигасының кезекті матчында елордалық "Барыс" уфалық "Салауат Юлаевпен" кездесті.

"Барыстан" бақ тайды ма?

"Барыс" өз айдынындағы матчтар сериясын "Салауат Юлаевпен" өткен кездесумен жалғастырды. Уфалық команда сейсенбіде "Сібірді" 3:1 есебімен жеңді. Гол авторлары Шакир Мухамадуллин, Джефф Платт және Петр Хохряков.

46 матчтан кейін Томи Лямсяның шәкірттері 58 ұпай жинап, елордаға келді. "Салауат Юлаев" - Лигадағы ең нәтижелі командалардың бірі (ҚХЛ-да соғылған голдар бойынша төртінші) екенін атап өткен жөн.

Ал "Барыс" соңғы ойында өз айдынында "Ақ Барсқа" 2:4 есебімен есе жіберген болатын. Нәтижесінде елордалық хоккей клубы Шығыс конференциясында 8-орында қалды.

Өткен маусымдағы тұрақты чемпионат ойындарында "Барыс" пен "Салауат" Уфада екі рет кездесті. Қазан айында Роман Старченконың овертаймдағы дәл соққысы қазақстандық командаға жеңіс сыйлады - 3:2. Ал қараша айында уфалық команда 4:1 есебімен есе қайтарды.

Бұл жолғы ойында қонақтар басым түсті. "Барыстың" бапкерлік штабы "Ақ Барспен" матчтан кейінгі құрамда бірнеше өзгеріс жасады. Айдынға қорғаушы Самат Данияр, сондай-ақ шабуылшылар Дмитрий Гурков пен Егор Петухов шықты. Ал қақпадан Йони Ортио орын алды.

Есепті "Салауат Юлаев" ашты - Филипп Ларсен сол қапталдағы шеңберден гол соқты. Екінші кезеңнің басында Кирилл Панюков қонақтар қақпасына бір шайба сүңгітіп, таблодағы сандарды бірдей етті. Одан кейін "Барыс" бенсене ойнап, екі мәрте көзге түсті. Шайбалардың авторлары - Якуб Лилья мен Никита Михайлис. Алайда, кезең аяқталмай жатып, Уфадан келген команда да екі шайбамен жауап қатты. Қонақ команда сапынан Сакари Маннинен мен Джефф Платт айдын иелерін сан соқтырып кетті.

Ал ең соңғы үшінші кезеңде "Салауат" ойыншылары сауатты қимылдап, айқын басымдылық көрсетті. Александр Алексеев пен Маркус Гранлундтар Ортио қорғаған қақпадан саңдау тапты. Ал соңғы минуттарда Петр Хохряков "Барыстың" бос қақпасын дәл көздеді. Қорытынды нәтиже 3:6 "Салауат Юлаевтің" жеңісі.

"Барыс" келесі ойынын Нұр-Сұлтан қаласында, 17 қаңтар күні Хабаровск қаласының ұжымы "Амурға" қарсы өткізеді.

"Барыс" (Нур-Султан, Казахстан) — "Салават Юлаев" (Уфа, Россия) 3:6 (0:1, 3:2, 0:3)

Шайбалар:

0:1 — 13:56 Ларсен (Гранлунд, Маннинен).
1:1 — 22:57 Панюков (Фрэттин, Вароне).  
2:1 — 28:15 Лилья (Виделль, Диц).
3:1 — 29:03 Михайлис (Орехов).
3:2 — 32:04 Маннинен (Кадейкин, Гранлунд).  
3:3 — 37:49 Плэтт (Науменков, Кугрышев).
3:4 — 41:36 Алексеев (Кугрышев, Картаев).
3:5 — 43:08 Гранлунд (Хартикайнен).
3:6 — 58:02 Хохряков.

Қақпашылар: Ортио — Тарасов

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу