"Барыстың" бағы жанбады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3242

Елорда клубы Гагарин кубогының екінші сатысында Омбының "Авангардына" жол берді.

"Барыстың" бағы жанбады

"Шығыс" конференциясының жартылай финалындағы "Барыс" пен "Авангард" арасындағы дода бес ойынмен шектелді. Бесеуі де тартысты өткенімен, Омбы клубының шоқтығы биік болды. Бір қызығы, әр матчтағы ойын өрнегінен гөрі, төбелес пен қақтығысқа толы бәсеке көрігі шектен тыс шиеленісті болды.

Бастапқы төрт ойында екі команда сапынан бірнеше ойыншы жарақат алып, қатардан шығып қалды. "Барыс" Андре Петерссон, Джесси Блэклер, Валерий Орехов сынды хоккейшілерінен айырылса, "Авангард" Илья Михеев, Денис Зернов секілді бірінші бестіктегі бесаспап шабуылшыларына сенім арта алмады.

Өрескел қылықтарымен ойын ережесін бұзып, дөрекілік танытқандары үшін кейбір хоккейшілер бір ойыннан аластатылды. Атап айтқанда, құрлықтық хоккей лигасының спорттық-тәртіптік комитеті "Барыс" сапынан Патрис Корьмені төртінші ойыннан, ал Даррен Дицті бесінші матчтан аластатты. Ал "Авангард" бесінші ойында Виктор Стольбергті мұзайдынға шығара алмады.

Сонымен қатар "Барыс" Омбы клубымен кездескенше екі хоккейшісі қатардан шығып қалған болатын. Кевин Даллмэн отбасылық жағдайымен үйіне кетсе, Роман Старченко плей-оффтың бірінші сатысында жарақат алып қалды. Міне, осындай белді ойыншыларынан айырылған Астана клубы "Авангардқа" төтеп бере алмады.

Себеп – "Барыс" маусым бойы нәтиже қуып, еліміздің жас таланттарын құрамына тартпады. Негізінен легионерлері мен Қазақстан азаматтығын алған ойыншыларына сенім артып, оларды титықтатып алғандай. Мәселен 16 ақпан күні өз алаңында дәл осы "Авангардтан" овертаймда 1:2 есебімен ұтылып, бір ұпай еншіледі. Сөйтіп "Шығыс" конференциясында екінші орынға ие болды.

Қалған үш ойыны қалай аяқталса да, "Барыс" екінші орыннан төмен түспес еді. Әрі бірінші орындағы "Автомобилист" клубы қуып жете алмайтын. Өкінішке қарай, Астана клубының бас бапкері Андрей Скабелка осы жерде тазы болып шалмады. Қиыр Шығыс пен Қытайдағы үш ойынға негізгі құрамдағы хоккейшілерін әкетті. Оларды тынықтырып алмады. Әрі осы сапары сәтті болмай шықты.

Иә, "Барыс" түзде "Адмирал" мен "Амурдан" ұтылып (1:2 және 0:2), Қытайда "Куньлун Ред Стар" клубын тек буллитте ұтты (3:2 Б). Алыс жол, шектен тыс тартысты ойындар Скабелканың қарамағындағы жігіттерді қажытып жібергендей. Турнир кестесіне әсер етпейтін осы матчтарда неге жастарымызға мүмкіндік бермегені мүлдем түсініксіз.

Ақыры "Авангардтың" адуынды арынына шыдай алмады. Оның үстіне, Гагарин кубогының бірінші сатысында "Торпедо" клубымен ұзақ "шайқасып", біраз тер төгуге мәжбүр болды. Нижний Новгород командасын 4-5 ойында жолынан тайдыра алмай, жеті рет кездесуге тура келді. Әрине мұның бәрі маусым бойы үздіксіз ойнап келе жатқан хоккейшілерді титықтатып тастады.

Мәселен "Барыстың" тасқамал қақпашысы Хенрик Карлссон шешуші сәттерде жаза басты. Нақтырақ айтқанда, Балашихада өткен төртінші ойында, есеп 1:1 болып тұрғанда, Максим Чудиновтің шамамаен 40 метрдей жерден құлаштай ұрған шайбаны тойтара алмады. Қара басып, жіберіп алды. Бұл гол "Барыс" хоккейшілерін "нокдаунға" түсіргендей әсер етті.

Ал бесінші матчта 2:0 есебімен алға шықандарымен, 31 секундтың ішінде қонақтардың таразы басын теңестіруіне мүмкіндік беріп қойды. Бұдан кейін "Авангард" ойыншылары көсіле сілтеді. Әрі тағы да екі гол соғып, алға шықты. "Барыс-Аренаға" жиналған көрермендер қиқу салып, демеп отырса да, елорда хоккейшілері еңселерін көтере алмай, 3:5 есебімен жеңілістің кермек дәмін татты.

Айтпақшы бұл ойында Скабелка қақпаға Доминик Граховинаны қойған болатын. Чудиновтің Карлссонға алыстан соққан голы осындай шешім қабылдауына итермелегендей. Алайда Чехия қақпашысы да сенім үдесінен шыға алмады. Екінші кезеңде көп қателесті. Сөйтіп қапашысын ауыстырып, мұзайдынға Карлссонды шығаруға мәжбүр болды.

Өкінішке қарай Хенрик Карлссон тағы да "тұйғындардың" қорғаушысы Чудиновке "жем" болды. Соққысы пәрменді Чудинов екінші рет өздерінің алаңынан, бұл жолы да 40 метрдей жерден (тіпті одан артықтау болуы мүмкін), құлаштай сілтеп, Карлссонды қапы қалдырды. Осылай "Барыстың" қақпашысына өте алыс қашықтықтан екі гол соғып, жігерін жасытты.

Сөйтіп "Барыс" үшін биылғы маусым тәмамдалды. Ол құрамы өте қарымды болса да, Гагарин кубогының үшінші сатысына шыға алмады. 2013/2014 және 2016/2017 жылдар маусымындағы жетістігін қайталады. Негізі, биыл "Шығыс" конференциясының финалына шығып, өз рекордын жаңартпақ болған еді. Алайда "Авангард" Скабелканың деңгейін айғақтап берді.

1-ойын: "Барыс" – "Авангард" – 1:3

2-ойын: "Барыс" – "Авангард" – 4:2

3-ойын: "Авангард" – "Барыс" – 5:0

4-ойын: "Авангард" – "Барыс" – 3:1

5-ойын: "Барыс" – "Авангард" – 3:5

Жалпы есеп: "Барыс" – "Авангард" – 1:4

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу