"Барыстың" тағы да жолы болмады

1071

Құрлықтық хоккей лигасы аясында "Сочиге" қарсы өткізген ойында елордалық клуб 3:0 есебімен қарсыластарына жол берді. Бұл "Барыстың" қонақта өткізген қатарынан төрт кездесудегі төртінші жеңілісі.

"Барыстың" тағы да жолы болмады

"Барыстың" сырт алаңда өткізген кездесулері сәрсенбіде Сочидегі матчпен аяқталды. Бапкерлер команда құрамына бірқатар өзгерістер енгізді. Бірінші құрамда Волк пен Михайлиске Старченко қосылды. Виделль, Фрэттин және Лилья екінші үштікті құрады. Әлихан Әсетов Павел Акользиннің орнын басты.

Бірінші кезеңде есеп ашылмады. Кейін айдын иелері екінші айналымның басында және соңына белсенді өнер көрсетіп, Стрёмвалль мен Мироманов гол соқты. "Барыс" екінші кезеңнің ортас тұсында шабуылдап, қарсыластар қақпасына бірнеше мәрте шабуылдағанымен, "Сочи" клбуының қақпашысы Максим Третьяк сенімді ойнап, өз орнынан табылды.

Үшінші кезеңде елордалық хоккей клубы бар күшін салып, ең болмағанда бір гол соғуға тырысты. Бірақ мақсаттарына жете алмады. Кездесудің 58-минутында "Барыстың" бос қақпасына гол соққан  Мироманов дубль авторы атанып, есепті 3:0-ге жеткізді.

Кездесуден кейін екі команданың бапкерлері матчқа қатысты өз пікірлерін білдірді.

"Бірінші кезеңде  тең ойын көрдік. Екі команданың да есеп ашуға мүмкіндіктері болды. 2-кезең орталық ойыншылардың қателіктерімен басталды. Жалпы екінші кезеңде концентрация жоғалады. Есеп 0-2 болған кезде біз жағдайды түзетуге тырыстық. Мүмкіндіктер болды. Бірақ нәтиже болмады. Бірінші және екінші құрам жақсы, нәтижелі ойын көрсетулері керек еді. Бірақ Петухов пен Әсетов қана жақсы ойын көрсетті", - деді "Барыс" ХК бас бапкері Юрий Михайлис.

Ал "Сочидің" бас бапкері Евгений Ставровский командасының ойыншыларына көңілі толатынын және қателіксіз ойын болмайтынын айтты.

"Өте жақсы ойын болды. Жігіттер жарады! Қақпашы бізді уақытында қауіпті сәттерден аман алып қалды. Ойында қателік жібермеу мүмкін емес. Бірақ, жігіттер бапкердің нұсқауын толықтай орындады. Бұл бізді қуантады және біз үшін өте маңызды", - деді "Сочи" хоккей клубының бас бапкері.

Сочи – Барыс – 3:0 (0:0, 2:0, 1:0)
1:0 Стрёмвалль (Погоришный, Точицкий) 20:27
2:0 Мироманов (Руденков, Рубцов) 38:46
3:0 Мироманов (Шмелёв) 58:42 ПВ

Осы ойыннан кейін қазақстандық команда 16 ұпаймен Шығыс конференциясының оныншы орнында қалды. Ал "Сочиде" 14 ұпай. Кездесуден соң "Барыс" Қазақстанға оралды. Енді 30-қазан күні өз айдынында "Куньлунь" хоккей клубына қарсы матч өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу