Бас бапкер Азия чемпионатында екі боксшыны жеңілді деп есептемейді

Ақтық сында 9 боксшы жұдырықтасып, 4-еуі жеңімпаз атанды. 

Бас бапкер Азия чемпионатында екі боксшыны жеңілді деп есептемейді Фото: Сали Сабиров, Ұлттық Олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі

Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы Таиландқа ең мықты боксшыларды жіберген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Десе де, барлық құрама мықты спортшыларын қатыстырмаған. Көптеген көшбасшы спортшы Олимпиада ойындарынан кейін демалуды жөн көрген. Әрі бұл турнирге Украина құрамасының қатысуы ерекше жаңалық болды. 

Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай және Қамшыбек Қоңқабаев секілді спортшылар жарақаты болған соң, турнирге қатыспаған. А.Шымбергенов желтоқсанда өтетін Қазақстан чемпионатында шаршы алаңға оралуды жоспарлап отыр. Ал Н.Оралбай маусымды ерте аяқтаған секілді. Тиісінше, Қ.Қоңқабаев өз жоспарларымен жақында бөліспек. 

Қазақстандық бапкерлер Абылайхан Жүсіпов пен Бекзат Нұрдәулетов секілді кәсіпқой боксшыларға өзін көрсетуге мүмкіндік берді. Айбек Оралбай Азия чемпионаты қарсаңында салмғын ауыстырып, 92 келіден жоғары салмақта ел намысын қорғады. 

– Біз тек екі салмақтағы нәтижеге келіспейміз: 48 және 71 келі. Басқа финалдық кездесулерде барлық жеңіліс әділ болды. Мен біздің кемшіліктерімізді байқадым. Алдағы уақытта қателіктермен жұмыс істейміз. Сонымен қатар, жаттығулар физикалық дайындық пен техниканы жақсартуға бағытталады. Менің ойымша, бәрі де сәтті болады. Жігіттердің әлеуеті мықты, мүмкіндіктері мол. Сондай-ақ, Нұрбек Оралбай мен бірнеше боксшы жарысқа қатыспады. Бізде қосалқы құрам мықты. Жас спортшыларды ұлттық құрамаға шақырамыз. Жақында Қазақстан чемпионаты өтеді. Бірақ оған АЧ медалистері қатыспайды, өйткені дайындық үшін уақыт жоқ. Сондай-ақ, Таиландта жеңімпаз атанған, ел чемпионатында жеңіске жеткендер ұлттық құраманың бірінші нөмірі болып есептеледі, – деп қорытындылады ұлттық команданың бас бапкері Қайрат Сәтжанов.

Азия чемпионатында жұдырықтасқан боксшылар құрамы:

- 48 келіге дейін: Санжар Тәшкенбай
- 51 келіге дейін: Сәкен Бибосынов
- 54 келіге дейін: Махмұд Сабырхан
- 57 келіге дейін: Оразбек Асылқұлов
- 60 келіге дейін: Бейбарыс Жексен
- 63,5 келіге дейін: Мұхаммедсабыр Базарбайұлы
- 67 келіге дейін: Дулат Бекбауов
- 71 келіге дейін: Абылайхан Жүсіпов
- 75 келіге дейін: Диас Молжігітов
- 80 келіге дейін: Ерасыл Жақпеков
- 86 келіге дейін: Бекзат Нұрдәулетов
- 92 келіге дейін: Сағындық Тоғамбай
- 92 келіден жоғары: Айбек Оралбай

Осы 13 спортшының тоғызы финалға жетсе, Сәкен Бибосынов, Бейбарыс Жексен және Мұхаммедсабыр Базарбайұлы секілді боксшылар жүлдесіз қалды. Ерасыл Жақпеков жартылай финалда жеңіліп, Қазақстан құрамасына жалғыз қола медаль сыйлады. 

Сонымен, Қазақстан ерлер құрамасы 4 алтын, 5 күміс және 1 қола медалмен екінші орын иеленді. Бірінші орында Өзбекстан (8 алтын, 2 күміс және 1 қола) тұр. Үздік үштікке 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медальмен Тәжікстан лайық деп танылды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу