Бас қаланың бизнесі төтенше жағдайда қалай жұмыс істеуде?

5102

Сарапшылар Президент Қ.Тоқаевтың кәсіпкерлерге аяушылық танытатын нұсқаны таңдағанына мән беріп отыр. Әйтпесе, девальвациядан әлсіреген кәсіпкерлерді коронавирус күйретіп кетуі ғажап емес. 

Бас қаланың бизнесі төтенше жағдайда қалай жұмыс істеуде?

Жалпы, көптеген ел алдында коронавируспен күресте не қатаң, не босаң жолдың бірін таңдау тұр.

"Қатаң нұсқасы – Қытайда сыналды. Оларда үрейлі індет тараған қалалар жабылды: не шығуға, не кіруге болмайды. Көшелерге де азаматтар көп шықпауы керек, шыққандарының дене қызуын арнайы мамандар мен әскерилер тексереді, қызу жоғары болса, дереу қолын бұрап, карантинге әкетеді. Барлық кәсіпорын, сауда, ойын-сауық орталығы жұмысын тоқтатты. Дәл осы тәсілді бүгінде Италия қолдануда. Екіншісі – Иранда қолданылды. Олар сауда орталықтарын жаппады, бірақ әрқайсысының кіреберісінде жылу сканерлері тұр, келушілер соның сынағынан өтуге тиіс. Алайда оларда күзет бейжайлық танытып, кіргендердің барлығын бірдей тексермейтіні аңғарылуда. Салдарынан, каспийлік көршімізде коронавируспен ауырғандар саны 14 мыңнан асты. Иранда тек бір күнде 100 адам осы кеселден көз жұмған", – дейді инфекциолог-ғалым Бекәділ Болатов.

Кәсіпкерлердің қысымымен біздің билік жеңілдеу тәртібін таңдағанға ұқсайды. "Ірі сауда объектілерінің жұмыс істеуіне шектеу қойылсын" делінген жарлықта. Яғни, жабылсын деген сөз жоқ.

Рас, құжатта "сауда ойын-сауық орталықтарының, кинотеатрлардың, театрлардың, көрмелердің және адамдар көп жиналатын басқа да объектілердің қызметі тоқтатыла тұрсын" деген талап бар. Алайда ірі ойын-сауық бизнесі бұған үдере қарсы шықты. Нәтижесінде, елорда әкімдігі оларға таңнан түскі беске дейін жұмыс істеуге рұқсат етті. Елорда әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен "Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның" кешегі кешкі отырысында осындай ұйғарым жасалған.

"Ірі сауда нысандары мен сауда ойын-сауық орталықтарының жұмыс істеуіне шектеу қойылады, олар  сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс жасайды. Киім-кешек базарлары сағат 11.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс жасайды", – деп көрсетілген комиссия шешімінде.

Нұр-Сұлтан қаласындағы бұқара үшін аса тартымды орындардың бірі MEGA Silk Way бүгін жұмыс істеп тұр. Таңғы 10:00-де өз есігін ашты. Келушілер қарасы бұрынғыдай көп емес, бірақ мүлдем жоқ та емес.

Бірқатар сауда желісі өз бутиктерін жапқан. Балаларға арналған ойын-сауық орталықтары, Chaplin Cinemas кинотеатры да өз қызметін уақытша тоқтатыпты.

"Рамстор" супермаркеті, дәріхана, химиялық тазалау, ателье, банк бөлімшелері жұмыс жасауда.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 эпидемиядан пандемияға өршігенін мәлімдеуіне және Қазақстанда төтенше жағдай енгізілуіне байланысты MEGA сауда-ойын-сауық орталықтары оның таралуының алдын алу шараларын қабылдапты. Коронавирустен қорғануға Мега 250 млн теңге жұмсады. Бұл желі жалпы сомасы 150 млн теңге тұратын 23 стационарлы тепловизор, 50 қолда ұсталатын тепловизор, 100 млн теңгеге санитайзерлер мен эскалаторды стерилдейтін аспаптар сатып алған.

Компанияның түсіндіруінше, оған қарасты барлық сауда орталығында үстелдер, орындықтар, эскалатор тұтқалары, баспалдақтар мен есіктер, лифтілер – әр сағат сайын, еден – әр үш сағат сайын дезинфекцияланады.

Дегенмен, мамандар дезинфекцияға көп сенбейді: егер жуыла сала, сол жерде басқа бір сырқат адам түшкірсе немесе қолын тигізсе, вирус түсіп, ізінше сол тұсқа жанасқан адамға жұғуы ықтимал.

Бұдан бөлек, сауда орталықтарында қолды тазалау үшін санитайзерлер қойылған. Олар микробтарды өлтіретін антисептикалық затпен толтырылған. Демек, азаматтар сауда орталығында әрбір затты ұстаған сайын қолдарын осы затпен өңдеп отырғаны жөн.

Орталықтың кіреберісінде тепловизор орнатылған. Ол келушілердің денсаулық жағдайына мониторинг жүргізеді.  

Бірақ сатып алушылардың бірі Дияс Асанов MEGA Silk Way есігін итеріп ашуға тура келетініне назар аудартты.

"Мұндай ірі сауда ойын-сауық орталықтарының есігі автоматты түрде айналып тұруға тиіс қой. Ал астанадағы  MEGA Silk Way-дың есігі ең бактериалды ошақ сияқты. Алматыда барлығы бұрыннан автоматты қозғалуға көшірілген", – дейді Дияс.

Есікке "Сәл итеру керек. Аккуратно толкните дверь" деп ескерту жазып қойыпты.

"Хат шатырда" барлық арендаторлар қолды дезинфекциялауға арналған санитайзерлер орнату туралы нұсқау алған. Бірақ барлық жерде кездеспейді. Бұған бас қалада осы құрылғының тапшылығы да ықпал етсе керек.

"Артем" атымен белгілі астаналық базар да бірқатар бутигінің тарс жабылғанына қарамастан, қалыпты жұмыс істеуде. Саудагерлер кешкі онға дейін ашық болатынын жеткізді. Доллар бағамы күрт көтерілсе де, бағалар біраз жерде бұрынғы күйде қалған, соған қызыққан сатып алушылардың қараң-құраң көлемі ашық бутиктерді аралап жүр.

Мамандар мүмкіндігінше сауда орталықтарындағы әжетхананы, ана мен бала бөлмелерін пайдаланбауға кеңес береді. Олар жиі-жиі кварцтелетіні хабарланды. Бірақ бактерицидті лампалар сөнісімен алғашқы кірген адамдардың бірінде вирус болса, ол келесі кіретіндерге жұқтыруы әбден мүмкін.

Астанада барлық түнгі клуб пен караоке, сондай-ақ барлар кешелі бері жабық. Кейбірінің есігінде ескерту жазбасы ілінген, кейбіріне мөрлі жолақ жапсырылған. 

Мейрамханалар, тойханалар мен дәмханалар да банкеттер өткізбейтінін мәлім етті. Олардың әкімшілері бұрын тапсырыс беріп қойған клиенттерге ақысының белгілі бір бөлігін қайтаруда. Кейбірімен тойды кейінге жылжыту жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді.

Нұр-Сұлтан қаласында республикалық газеттердің, бірқатар ақпарат агенттігінің редакциялары да онлайн жұмыс істеуге көшуде. Бас кеңселерде тек шығарушы редакторлар қалған.

Парламент жұмысын жалғастыруда. Бірақ сырттан келушілер легіне тоқтау салынды. Бүгін Мәжілісте бұрын жоспарланған "Үкімет сағаты" өтті. Бірақ ғимарат ішіне журналистер кіргізілмеді, жиын интернеттен онлайн таратылды. Депутаттардың заң шығарушылық жұмысы доғарылмаған. Жұмыс топтарының, тұрақты комитеттердің отырыстары, жалпы отырыстар, "Үкімет сағаты" бекітілген кесте бойынша өте береді. Тек оған қатысатын шенеуніктер саны шектеледі.

Үкімет баспасөз орталығы да "Үкімет үйіне" бір ай бойы журналистер жіберілмейтіні, Министрлер кабинетінің отырысы әлеуметтік желілерде таратылатыны туралы мәлім етті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу