Бас көтермей екі күн жыладым – Ауғанстанда жұмыс істеген журналистің кеңестері

2735

Нина Йельмгрен – журналист, Швецияның журналистерді қолдау қорының өкілі. 1992 жылы Лос-Анджелестегі тәртіпсіздіктер (63 адам қаза тапқан – авт.), 2001 жылы Швецияның екінші үлкен қаласы Гетеборгта болған тәртіпсіздіктер кезінде жұмыс істеген. Бірнеше жыл Ауғанстанда арнайы тілші болған. 

Бас көтермей екі күн жыладым – Ауғанстанда жұмыс істеген журналистің кеңестері

Жылдар бойы майдан ортасынан ақпарат таратқан Йельмгерн ханым қазақстандық әріптестерімен онлайн кездесуде қауіп-қатер кезінде жұмыс істеу, ауыр күйзелістен арылу туралы әңгімелеп берген еді. Өмірлік тәжірибесі бай адамның айтқан кеңестері тілші қауымына ғана емес, өзге де саладағы мамандарға көмек болар деген оймен оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Іс-шараны "Қазақстандық Медиа желі/KazMediaNetwork" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырғанын айта кетейік.

Стресс кезінде не істеу керек?

1. Бәріне күмәнмен қараңыз. Әркім өз мүддесін ойлайды. Сізді журналист ретінде пайдалануға тырысуы мүмкін.

Көп уақыт Ауғанстанда болдым. Соғыс ошақтарында жүрдім. Зымыран шабуылы мен бомбадан зардап шеккен азаматтармен тілдестім, Тәлібтердің адамдарды аяусыз қырып-жойғанына куә болдым. Ешқашан ешкімге сенбеуге үйрендім. Әрбір ақпаратты тексеріңіз, мәліметтер әр тараптан алынуы керек.

2. Көңіл-күйіңіз дұрыс болмаса, жылап алыңыз. Бұл кеңесім біртүрлі көрінетін шығар. Бірақ журналист те адам. Біз жұмыс атқара жүріп ешкім білмеуге, көрмеуге тиіс нәрселермен бетпе-бет келеміз. Кейде көздің жасын сығып алғанымыз орынды. Қайғылы оқиғалардан психика бұзылып, жүйкенің бұзылуы мен ұйқысыздықтан бойыңызды ауырлық басады.

3. Тәжірибелі адаммен сөйлесіңіз. Анаңыз немесе жарыңызбен емес, психологпен кеңесіңіз. Не болмаса өз салаңыздағы тәжірибелі әріптесіңізбен әңгімелесіңіз. Ер адам болсаңыз да, ақылдасыңыз. Стресте ер де, әйел де бірдей әрекет етеді. Алкоголь ішпеңіз. Замандастарым, ер журналистерді айтамын, арақ ішеді. Бірақ онымен жан жараңыз емделмейді. Мұндайда ағзаны уламай, қайта қалпына келтіру керек.

3. Егер жүйкеңізді басқан салмақ шамадан тыс көбейгенін сезсеңіз, кідіріңіз, тоқтаңыз. Өтінемін, өзіңізді "супермен" жасауға тырыспаңыз.

4. Егер сіздің балаңыз кішкене болса, басыңызға қатер төнетін соғыс жағдайында немесе тәртіпсіздік ортасында жұмыс істемеңіз. Сізді жаралауы немесе өлтіруі мүмкін. Мен Ауғанстанға барғанда, ұлым ересек адам болатын. Оның өз-өзіне қарай алатынын білдім. Ал сіздің балаларыңызға кім қамқор болады? Тәуекелге бармас бұрын жақсылап ойлаңыз.

"Ауғанстаннан Швецияға қайтарда, [рейс Мәскеу арқылы болатын], Мәскеудегі қонақүйде екі күн бас көтермей жыладым. Кабул көшелерінде көргенім өмірімдегі ең қорқынышты сәт еді. Естіген қауесет пен көрген жайттарым өз басыма келе ме деп қорықтым. Бойымды үрей билеп, бүрісіп қалдым. Ақыры бұлай жалғаса берсе, жұмысыма кедергі болатынын түсіндім. "Қайткенде де жеңуім керек" деп ойладым.

Жоғарыда айтқанымдай, өзімді тыңдай алатын, ақылды және тәжірибелі адамдармен сөйлестім. Бәріңізде ондай жақын адамдар бар. Оны ішіңіз сезеді. Менің өте тәжірибелі әріптестерім, халықаралық корреспонденттер бар, психологқа да жүгінемін. Ауыр күйзелістен кейін жынды болып кетпеу үшін әңгімелесу керек, жылай білу де өте маңызды. Қысылмай жылап алу керек. Біз экстрим үшін жаралған жоқпыз! Мұндай жағдайларда өзін ыңғайсыз, әлсіз сезіну адам баласына тән. Соны біліңіз", – дейді Нина Йельмгерн. 

Жұмысты қалай жоспарлау керек? 

1. Егер қауіптеніп тұрсаңыз, оқиға орнында не болып жатқанын алдын ала білуге бар күшіңізді салыңыз. Кез-келген ақпарат жолын пайдаланыңыз. Сол маңда жүрген, сол маңда тұратын адамдарға қоңырау шалыңыз, сұраңыз – не көрді, не естіді? Швецияда тәртіпсіздік болған кезде полицияда дұрыс ақпарат болған жоқ. Журналистер таныстарына қоңырау шалып құлақтанды. Ал сізде "источник" бар ма?

2. Шынайылығын растау мен тексеру тым қиын соғатын ақпарат ағылып жатады. Егер сіз адам құқықтарының бұзылуы, жалпы зардап шеккендер туралы жазатын болсаңыз, сізде тек бір тараптың пікірі болады. Ал оған ресми түсініктеме берілмесе – бір әңгімемен тоқтамаңыз, басқа да зардап шеккен адамдарды іздеңіз. Солайша мұндай бұзушылықтың жүйелі екенін дәлелдеңіз. Ондай кейіпкерлер бар және көп екеніне сенімдімін.

3. Оқиға орнына бармай тұрып сізге және бүкіл түсірілім тобына қорғаныс кеудешелері қажет пе, жоқ па – біліп алыңыз. Қандай да бір жағдай болса, кімге қоңырау шалатыныңызды анықтап алыңыз. Әрине, анаңызға емес, кәсіби әрекет ететін адамға қоңырау шалыңыз. Оның байланыс нөмірін жаттап алыңыз.

4. Жаныңызға екі телефон алыңыз. Мен тапсырмаға барарда смартфонмен қатар бір қарапайым телефон алып жүремін. Қарапайым телефондардың қуаты ұзаққа жетеді. Ал смартфондардың қуаты, әсіресе суықта, тез таусылады.

Алаңда қалай жұмыс істеу керек?

1. Шегінуге мүмкіндік болмайтын жерлерге бармаңыз. Сізге қатер төнуі мүмкін.

2. Егер сіз фотограф немесе оператор болсаңыз, тағы бір адаммен бірге жұмыс істеңіз. Артқы жағыңызда не болып жатқанын әрқашан білуіңіз керек.

3. Егер тәртіпсіздіктер басталса, пана іздеңіз. Оқ атыла бастаса қабырғаға немесе көліктің артына тығылыңыз. Тек жанармай багы немесе басқа да жанғыш сұйықтық құйылған контейнерлердің жанына жуымаңыз.

4. Ешқашан, қайталап айтамын ешқашан өлімге бас тікпеңіз! Бұл оған татымайды.

Жазып алған – Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу