Бұл туралы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының баспасөз қызметі мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Астанада өткен Құрбан айт мерекесіне арналған баспасөз мәслихатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге арнайы үндеу жасады.
– Қожа Ахмет Ясауи бабамыз: "Хаққа қызмет – халыққа қызмет" деген. Бұл – халықтың разылығы Алланың разылығына жеткізеді деген сөз. Осыған орай, шаруа қожалықтарының иелерін мал бағасын шарықтатпай, әділетті баға ұсынуға үндеймін. Еңбектің ақталуы маңызды, дегенмен "пайда ойлама, ар ойла" деген дана сөз бар. Алла Тағала Құранда: "Жасаған қайыр-садақаларың өздеріңе толық қайтарылады" деп уәде еткен ("Бақара" сүресі, 272-аят), – деді Бас мүфти.
Сондай-ақ, кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға да шақырды.
– Құрбан айтта халыққа жақсылық жасап, көпшіліктің алғысын алайық. Бұл – сауапты әрі сағынышпен келетін мейрам, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Айта кетейік, биыл Құрбан айт мерекесі 6 маусымда басталады. Бұл күн Хижри күнтізбеге сәйкес белгіленіп, ҚМДБ өз шешімін халықаралық ғұламалармен және пәтуә шығару орталықтарымен кеңесе отырып қабылдаған.