Бас прокуратура: Кәсіпкер тірлігіне жөнсіз килігуге тыйым салынады

2184

Бас прокуратура бизнесті шын мәнінде өз панасына алуға кіріскен сынды.

Бас прокуратура: Кәсіпкер тірлігіне жөнсіз килігуге тыйым салынады

Жыл аяғында бизнеске қысымды азайтуды көздеген Бас прокуратура арнайы ақпараттық жүйе аясында Тексерістер картасын іске қоспақ. Қазір ол тестілік тәртіпте жұмыс істеп тұр.

Таяуда "Бизнесті қорғайтын жол картасының жүзеге асырылу барысы туралы" тақырыбы төңірегінде болып өткен алқа отырысының нәтижесі ретінде, міне, Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасында "Тексеріс субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізімі" (ТСОБТ) атты автоматтандырылған электрондық жүйе таныстырылды.

"Нақты біздің комитет қызметкерлері материалды дайындауға белсенді атсалысты. Себебі, біз бизнесті заңсыз тексеруден қорғауға тікелей мүдделіміз. Мәселен, 2010 жылы кәсіпкерлік субъектілерін 349 000 тексеру өткізілсе, өткен жылы 56 мыңнан астам тексеріс қолға алынды. Яғни, сіздермен бірлескен жүйелі қадамдардың арқасында оң көрсеткішке қол жеткіздік.

Қазіргі уақытта ТСОБТ аталатын жаңа жүйені іске қосқымыз келеді. Сонда шенеуніктер қалаған кәсіпкерді әуре-сарсаңға салмай, бағдарлама кімді тексеру керектігін көрсетеді. Барлығы Кәсіпкерлік кодекстен, Тәуекелдерді бағалау қағидаттарынан ауытқымауы керек. Кәсіпкерлер тірлігіне жөнсіз килігуге тыйым салмақпыз", – деді кіріспе сөзінде Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Нұрлыбай.  

Жалпы, бұл істің тарихына тоқталсақ, 2015 жылы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті мемлекеттік органдарды тексеруді үйлестіруші бас мекеме болып анықталғаны белгілі. Осыған байланысты бақылау-қадағалау функцияларын ретке келтіру үшін ортақ тетік қарастырылу үстінде.

Осы мақсат үшін жоғарыда аталған "ТСОБТ" жүйесі дүниеге келді. Онда тексеру субъектілері мен объектілері жайлы олардың орналасқан мекенжайы, заңдық мәртебесі, санаты, тобы, тәуекел деңгейі сынды деректер көрсетілмекші.

Осы орайда алғаш рет жүйеде әрі қадағалаумен, әрі бақылаумен айналысатын мекемеге қызметкерлер мен тексерістер саны, жүктемесі туралы тиісті құжат толтырылмақ. Сонда қажетті мәліметтер автоматты түрде таразылануы керек.

"Тексерістер картасы" ұғымын енгізу арқылы бірегей жобада қарапайым азамат – "Тұтынушы" кейпіндегі "Қоғамдық бақылау" пайда болады деген ой бар. Дәл осындай әдіс кәсіпкерді қауіпті санатқа жатқызу немесе ісіне адал бизнесмен қатарына қосу керектігін айқындайтын рөл атқармақшы.

Прокуратураның профильді комитетінің аға прокуроры Дәмелі Хамитова кәсіпкерлік кодексін қабылдаудың арқасында жоспарлы тексерістердің тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тағайындалатынын еске салды. Тексерісті тағайындаудан бұрын, заң бұзылды деп күдіктенген мемлекеттік органның лауазымды тұлғасы кәсіпкер қызметін жан-жақты талдап алуы керек. Яғни бірден жетіп бара алмайды. Бірақ, бұл жерде де оның пендешілігі ұстап кетуі мүмкін.

"Кәсіпкерлерге қалайша көмектеспекпіз? ТСОБТ жүйесі тексерілетін субъекті туралы ақпарат жинауға арналған. Осылайша, белгіленген шарттар бойынша ықтимал заң бұзушылар автоматты түрде таңдалады. Заңнамадағы жаңа талаптар да ескеріліп, алдыңғы тексерістен тыс, басқа да ақпарат көздері – шағымдар мен БАҚ жарияланымдары, есептілік деректері пайдаланылады", – деп түсіндірді аға прокурор.

Жоба арқасында тексеріс субъектісі еркін арыздана алады деп сендіруге тырысады оның атворлары.

Прокуратура өкілдерінің түсіндіруінше, экономикалық өсім мәселесінде жарнаманың маңызы қандай болса, Тексерістер картасы кәсіпкердің клиент алдындағы абырой-беделін, рейтингін солай белгілемек. Онлайн тәртіпте тексеріс нысанына соңғы тексеріс натижесінде жинаған ұпай көлемі ұсынылады деп жоспарланған. Өз кезегінде субъект бұл ұйғарыммен келіседі немесе шағымдана алады. Осылайша, бақылау-қадағалау органдарының тексерісті өз білгенінше жүргізуіне шектеу қойылып, тұтынушылардың кәсіпкерге деген сенімі арта түспекші.

Сондай-ақ, ашық әрі әділ бәсекелестік күшейіп, бизнес саласына әкімшілік қысым азаюға тиіс көрінеді. Негізгі көзделгені де сол – бизнес өз қызметіне заңсыз қол сұудан қорғалып, мемлекеттік мекемелер үшін тексеріс тауқыметі жеңілдеп, толық дерек қоры кәдеге жарамақ. Шара барысында, бұдан тыс, үкіметтік мекемелер басшыларына қарамағындағылардың жұмыс сапасы мен тиімділігін, барлық тексеріс кезеңін зерделеп отыру мүмкіндігі туатыны мәлімделді.

Тексеріс картасында заң бұзғандар, олқылыққа жол бергендер қызыл, жасыл, сары тәрізді саналуан түспен белгіленеді екен. Мәжіліске жиналған кәсіпкерлер жаңашылдыққа қатысты өз ескертулерін айтып, кемшілік түзетілсе, клиенттерді үркітіп алмау үшін қауіптілік деңгейін шұғыл өзгертіп отыру керектігін атап көрсетті.

Жиынды жүргізген "Атамекен" КҰП Басқармасы төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов жүйені пайдалану үшін әдістемелік жеке талқылау ұйымдастыру керектігін айтты.

"Тексеріс картасы бизнесті жүргізуге жеңілдік жасап, әкімшілік кедергілерді қысқарту үшін тамаша өнім болады деп есептеймін" деген Рустам Жүрсінов жүйені жетілдіруді аяқтағанда Ұлттық палатадағы Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы, Бизнес-реестр тәрізді өнімдермен ықпалдастыру қажеттігін де ашып айтты. Сонда жан-жақты сараптауға қолы жеткен кәсіпкер тексеруге тап болған кәсіпорынмен жұмыс істеуге тұра ма әлде жоқ па, оны өзі шешеді.

Жаңа жыл қарсаңында тұсауы кесіледі деп жарияланған жаңа жүйеде кәсіпкерлер қауымының тілек-ескертулері толық ескерілмекші.

Алдаберген Кемпірбаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу