Бас прокуратура "пацандарға" қажетті шара қабылдауды тапсырды

1903

Жастар арасында жақсы танымал "Пацанская история" фильмінің сеансы бұған дейін Парламенттегі депутаттардың наразылығын туғызған. 

Бас прокуратура "пацандарға" қажетті шара қабылдауды тапсырды

Ізінше Бас прокуратура мәселені зерттеп, заң бұзылып жатқанын анықтады, деп хабарлайды Іnbusiness.kz.

"Пацандар" не үшін сынға ілікті

"Пацанская история" фильміне наразылығын Парламент төрінде алдымен депутат Мақпал Тәжмағамбетова білдірген. Әріптестері атынан сөйлеген депутат кинотеатрлардан шыққан отандық фильмді ұнатпай қалса керек. "Сорақылық төрге озған заман болды" деп сөзін бастаған ол депутаттық сауалын Бас прокурор Берік Асылов пен Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа тіке жолдаған. Депутат алдымен сахнаға шыққан әнші мас боп сөйлейтінін, боқауыз да айтып, құтылғанын айта келе Ирина Кайратовна тобы мен Шиза лақап атымен белгілі әншіні бір түйреп өтті. "Ұлттық құндылықтарды аяқасты еткендер тек кешірім сұраумен сытылды" дей келе, "боқтық сөз насихатқа айналғанына" қапаланды,

"Хит TV телеарнасындағы "Qaz Stand Up" хабары – сөзіміздің дәлелі. Кейінгі кезде мазмұны, контексті боқауыз сөздерге толы сериалдар қаптап келеді. Кинодағы мұндай көріністер барлық әлеуметтік желілерде желдей есіп жүр. Осыдан екі жыл бұрын "Қайрат болма, адам бол" деген сериалда қазақтың рухты есімін жерге таптағанын көрдік. Мұндай веб сериалдардың бірі енді толық метражды фильм ретінде кинотеатрларға шықты. Бұған дәлел - дәл қазір Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетіліп жатқан "Пацанские истории" фильмі", - деп мәселеге көшті депутат.

Мақпал Тәжмағамбетованың айтуынша, 18+, 21+ жас санатына арналған мұндай фильмдерге ешқандай шектеу жоқ. Бірақ депутат бұл әрекеттер біртұтас ұлттың тағдырына, қоғамға, идеологиямызға, мемлекеттік саясатқа кереғар әсер етіп жатқанын түсініп отырмыз ба деп сұрақ тастайды.

"Заңға с"йкес, Қазақстан аумағында "21 жастан бастап" жас санаты бар фильмдерді көрсетуге жергілікті уақытпен сағат 22.00-ден таңғы сағат 06.00-ға дейін прокаттауға жол беріледі. Ал, бұл фильмдер кинотеатрларда кешкі сағат 18.00-ден бастап көрсетіліп жүр. Оң-солын танымаған жастар, ата-анасынан кешкі уақытқа сұранып шыққан жасөспірімдер емін-еркін көруде. Сонда бұл заңды білмеу ме, әлде көпе көрінеу заңды белден басу ма? Жаңа Қазақстанда заң үстемдігін орнатуға күш салып жатқанда, мұндай сорақылыққа кім және не үшін жол беріп отыр? Прокаттауға рұқсат беретін Мәдениет министрлігі бұған не дейді?", - деді депутат.

Жалынды сөздерді жақсы білетін депутат осылайша құзырлы органдардан аталған киноның кинотеатрларда көрсетілу барысында заң талаптарының бұзылуына байланысты тексеріліп, тез арада жауапқа тартуды талап еткен. Сондай-ақ "бұдан былай мұндай сорақылыққа жол бермеу үшін кино саласы жіті қадағалауға алынуы қажет, тиісті министрлік прокат куәлігін берерде қоғамдық пікір мен мемлекеттік саясат тұрғысынан прокатқа шығатын фильмдерге талапты күшейтуі тиіс" деп мәлім еткен.

Заңда қалай көрсетілген?

Расында да, қолданыстағы заңнамаға сəйкес Қазақстан Республикасында түсірілген барлық фильмге жəне оның аумағына прокаттау мақсатында əкелінетін фильмдерге "18 жастан бастап" жəне "21 жастан бастап" жас санаттары беріле отырып, көрерменге ол жас айырмашылығы бойынша көрсетіледі. Аталған мәселелер"Кинематография туралы" заңның 8-бабына қарастырылғна. 21+ санаттағы фильмдерді кинозалдар жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00-ден бастап таңғы 06:00-ге дейін көрсете алады.

Мәдениет туралы заңнаманың (оның ішінде жас санаты бойынша фильмдерді прокаттау) талаптарын бұзғаны үшін "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің (бұдан əрі – ӘҚБтК) 156-бабы бойынша əкімшілік жауаптылық көзделген. Осы бап бойынша жазаларды облыстың, республикалық маңызы бар қалаларының жəне астананың, ауданның (республикалық, облыстық маңызы бар қалаларының жəне Астананың) əкімі жəне оның орынбасарлары (ӘҚБтК-нің 729-бабы) қолдануға құқылы. Яғни аталған кодекстің 156 бабын бұзған кинотеатрларға ескерту жасалады. Ал егер әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталанса, онда жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 40, ірі кәсiпкерлiк субъектiлерiне 200 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.

Алайда Бас прокуратураның мәліметінше, мұндай əкімшілік құқық бұзушылықтар үшін кинематографиялық қызметтің бірде-бір субъектісі 2015 жылдан бастап жауапқа тартылмаған.

Кинотеатрлар заңды бұзып отыр

Жиыны 28 депутат қол қойған жоғарыдағы хатқа жақында Бас прокуратурадан жауап келіпті. Құзырлы ведомство басшысы Берік Асылов жауабында Бас прокуратура аталған мәселелер бойынша зерттеу жүргізілгенін хабарлаған. Сайтқа іріктеп мониторинг жүргізу барысында "kino.kz" (кинода өткізілетін фильмдер туралы ақпаратты орналастыру сайты) кинематографиялық қызмет субъектілері көрсетілген норманы бұза отырып, 21 жасқа толмаған көрерменге "Пацанская история" фильмін жалға берген.

"Алайда фильмнің премьерасынан бастап (2022 жылғы 16 қарашадан бастап) Астана қаласының Еуразия Синема-7 кинотеатрында аталған фильм заңды бұза отырып, кешкі сағат 20:00-де, Cinemax, Цезарь кинотеатрларында жəне Алматы қаласының Арман киноорталығында кешкі сағат 16:00-ден кешкі 21:00-ге дейін көрсетіледі. Осындай жағдай еліміздің басқа кинотеатрларында да байқалады. Кинотеатрлардың бақылаушылары пайда табу мақсатында кəмелетке толмағандарды жас шектеулері бар сеанстарға өтуіне жол беруі жоққа шығарылмайды", - дейді жауабында Берік Асылов.

Жоғарыдағы мəн-жайларды назарға ала отырып, Бас прокуратураның хатының негізінде Үкімет жергілікті атқарушы органдарға, Мəдениет жəне спорт министрлігіне кинематография саласында қажетті шаралар (фильмдерді прокаттау мониторингін жүргізу, əкімшілік жауаптылыққа тарту, жас шектеулері бар фильмдерге прокаттау куəліктерін беру кезінде бақылауды күшейту жəне т.б.) қабылдау туралы тапсырма беріп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу