Бас шаһарға 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды

2306

Астана мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компаниялар қаласынан кәсіпкерлер қаласына айналды. 

Бас шаһарға 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды

Соңғы 20 жылда Астананың аумағы - 3, халқы - 4 есе өсті. 20-дан астам  республикалық, қалалық денсаулық сақтау нысандары мен 300-дің үстінде балабақша салынды. Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов өткен жылды қорытындылауға арналған жиында осылай деді.

Оның сөзінше, 2018 жылы елорда да 2,4 млн шаршы метр тұрғын үй салынған.  

"Астана ел экономикасының дамуына айрықша үлес қосып отыр. Мұнда ішкі  жалпы өнімнің 11%-ы өндіріліп, инвестицияның 10%-ы қалыптасады. Қала экономикасының 58,5-ы шағын және орта бизнеспен қамтылған", – деді Бақыт Сұлтанов.

Әкімнің айтуынша, Астанада 100 мың субъект бизнеспен айналысады. Соңғы 8 жылда олардың саны 5 есе көбейген.

"Астананың әр үшінші тұрғыны кәсіпкерлікпен айналысады. Бюджетке түсетін салықтың жартысынан көбін шағын және орта бизнес өкілдері төлейді. Астана мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компаниялар қаласынан кәсіпкерлер қаласына айналды. 2018 жылы бас шаһарға 1 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Бұрын инвестицияның басым бөлігі мемлекеттік бюджеттен бөлінетін. Қазір бұл көрсеткіш айтарлықтай қысқарды. Сәйкесінше қаланың 90% инвестициясы шағын бизнес өкілдерінің есебінен қалыптасып жатыр. Біз шетелдік инвесторларды да қызықтыра бастадық. Былтыр инвестицияның төрттен бір бөлігі шетелден келді", – деді Астана қаласының әкімі.

Сөз арасында ол табиғи монополияларды реттеу саласында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

"2019 жылғы 1 қаңтардан бастап Астанада тариф төмендеді. Мысалы, электр энергиясы - 13%-ға, жылу - 9%-ға, су - 10%-ға, ПИК қызметі - 5%-ға арзандады", – деді Бақыт Сұлтанов.

Шаһар басшысының сөзінше, 2019-2023 жылдарға арналған Астана қаласының жинақы құрылысы туралы кешенді жоспар қабылданған.

"Жоспарға сәйкес, көлік инфрақұрылымы саласында 2023 жылға дейін 121 шақырым жол, 2 көлік жолайырығын, 3 көпір, 1 жол құбырын, 1 жер асты жолын және жеңіл рельсті көліктің 1 кезеңін салу көзделген", – деді ол.

Әкімнің дерегінше, жоғарыдағы жоспарды жүзеге асыруға 1,5 трлн теңге жұмсалады.

"Жоспар жүзеге асырылғаннан кейінгі 5 жылда бюджетке 7 трлн теңге түседі", – деді қала әкімі.

Айтпақшы Бақыт Сұлтанов Астананы газдандырудың бірінші кезеңі аясында 2020 жылға қарай жылу электр стансасының су ысыту қазандығы, сонымен қатар шағын жекеменшік қазандықтар мен тұрғын үй алаптары газға көшірілетінін айтты.

Қала әкімі елорданы дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында жаңбыр суының көшелерде жиналып қалу проблемасы шешілетінін де тілге тиек етті.

"2019 жылы жер бетіндегі жаңбыр суын кедергісіз бұруды қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады. 5 жылда су жинақталатын жалпы алаң 13 мыңнан 23 мың гектарға дейін ұлғайды. Бұл - 2030 жылға дейін игерілуі тиіс алаңның 66,2%-ы", – деді Бақыт Сұлтанов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу