Бәсеке зауытта емес, жалақыда болып тұр

136

Соңғы онжылдықтарда "арзан жұмыс күші" ұғымы жаһандық инвестициялық саясаттың басты кілт сөзіне айналды.

Бәсеке зауытта емес, жалақыда болып тұр Фото: zaimi.ru

Көптеген мемлекет шетелдік капитал тарту үшін ең алдымен төмен жалақыны басты артықшылық ретінде ұсынады.

Сарапшылар арасында "арзан жұмыс күші – экономикалық табыстың көрсеткіші емес, керісінше даму сатысының белгілі бір кезеңін сипаттайтын құбылыс" деп баға беретіндері де бар.

Жалпы, арзан жұмыс күші бір күнде пайда болмайды. Оған бірнеше фактор әсер етеді.

Біріншіден, демографиялық қысым. Яғни, халық санының, әсіресе жастардың көбеюі еңбек нарығына тұрақты қысым түсіреді. Жаңа жұмыс орындарының жеткіліксіздігі жұмыссыздық пен еңбек миграциясын күшейтеді.

Екіншіден, экономиканың құрылымдық әлсіздігі орын алады. Бұған өңдеуші сектор мен шағын және орта бизнестің жеткілікті дамымауы әсер етеді. Бұл сапалы және тұрақты жұмыспен қамтуды шектейді.

Үшіншіден, білім мен біліктілік деңгейі әсер етпей қоймайды. Білім беру жүйесі еңбек нарығының нақты сұранысына толық сәйкес келмейді. Нәтижесінде мамандардың бір бөлігі жұмыс таба алмай, ал нарықта қажетті кадрлар тапшы болады.

Төртіншіден, әлеуметтік стандарттардың төмендігі байқалады. Ең төменгі жалақы мен әлеуметтік төлемдер өмір сүру құнын толық қамтымайды. Бұл ресми жұмыстан гөрі бейресми еңбекке бейімділікті арттырады.

Бесіншіден, еңбек нарығын реттеу саясаты. Мемлекеттік бағдарламалар көбіне формалды сипатта қалып, жұмыс орындарының сапасына жеткілікті әсер ете алмай отыр.

Алтыншыдан, жұмыссыздық пен көлеңкелі экономиканың үлесі. Бейресми жұмыспен қамту кең таралған, бұл әлеуметтік қорғанысты әлсіретіп, бюджеттік түсімдерді азайтады.

Жетіншіден, аймақтық және ауыл–қала теңсіздігі де арзан жұмыс күшіне әсер етеді. Экономикалық мүмкіндіктің ірі қалада шоғырлануы өңірлердегі жұмыссыздықты күшейтіп, ішкі көші-қонды арттыруда.

Бұл түйткілдер өзара байланысты және оларды тек кешенді әлеуметтік-экономикалық саясат арқылы ғана шешуге болады.

Бірақ, жалақы төмен болса, тұтыну қабілеті төмендеп, ішкі нарық әлсіз дамитынын ұмытпау керек. Соның салдарынан экономика сыртқы сұранысқа тәуелді болып қалады. Мұны "төмен жалақы тұзағы" деп қарастыру керек.

Халықаралық еңбек ұйымы төмен жалақы мен әлсіз еңбек стандарттары экономикалық бәсекенің құралы бола алмайтынын мойындайды. Ал Дүниежүзілік банк тұрақты кедейлікті қысқартудың жалғыз жолы – еңбек өнімділігін арттыру дегенді ұсынады.

Инвесторлар неге қызығады?

Трансұлттық корпорациялар үшін басты мақсат – өндіріс шығынын азайту. Арзан жұмыс күші тауардың өзіндік құнын төмендетіп, жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттырады. ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында Қытайдың "әлем фабрикасына" айналуы осының айқын дәлелі.

Уақыт өте келе Қытайдағы жалақы деңгейі өсті, әлеуметтік стандарттар күшейді, соның салдарынан инвесторлар жаңа балама нарықтарды іздей бастады. Бүгінде бұл үдеріс Үндістан мен Мьянмада, Кения мен Нигерияда анық байқалады. Вьетнам соңғы жылдары Қытайға балама өндірістік алаң ретінде танылып, электроника, тоқыма және жиһаз өндірісінде ірі инвесторларды тартуда. Камбоджа да жалақының төмендігі мен еңбек ресурсының молдығын пайдаланып, жеңіл өнеркәсіптің дамуына негіз болып отыр.

Бангладеш бүгінгі таңда әлемдегі ірі тоқыма экспорттаушылардың бірі. Миллиондаған адам жұмыспен қамтылғанымен, жалақы деңгейі мен еңбек қауіпсіздігі мәселесі әлі де өткір күйінде қалып отыр.

Инвестор үшін басты өлшем – тек жалақының төмендігі ғана емес, сонымен бірге тәртіпті жұмыс күші мен мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер.

Бұл тұрғыда Өзбекстан бірқатар жеңілдіктер қарастыруда. Яғни халық санының көптігі мен еңбекке қабілетті жастар үлесінің жоғары болуын инвестициялық артықшылық ретінде ұсынып келеді. Дегенмен, сарапшылар үшін басты сұрақ – бұл модель ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз ете ала ма деген мәселе.

Алайда арзан жұмыс күші – ұзақ мерзімді даму үшін жеткілікті шарт емес. Ол бастапқы кезеңде инвестиция тартуға мүмкіндік бергенімен, уақыт өте келе өнімнің қосылған құнын арттыру, технологиялық жаңғыру және еңбек өнімділігін өсіру мәселесі алдыңғы қатарға шығады.

Бүгінде әлеуметтік желіде "Қазақстанға Жапония 3,72 миллиард доллар инвестиция құюды. Ал, Өзбекстан мен Жапония арасындағы жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған бірлескен жобалардың жалпы құны 20 млрд доллардан асады" деген ақпарат тарауда. Бұл ретте, шығыстағы алпауыт ел арзан жұмыс күшіне басымдық беріп отырғаны анық.

Арзан жұмыс күшін бізде шама-шарқымызша пайдаланып келеміз. Әсіресе құрылыс, сервистік қызмет саласында өзбекстандық азаматтарды еңбек күші ретінде жиі тартамыз.

Әлеуметтанушы Айнұр Анарбектің сөзінше, арзан жұмыс күші – тек бастапқы артықшылық. Ұзақ мерзімде инвесторлар үшін шешуші факторлар қатарына саяси тұрақтылық, құқықтық жүйенің болжамдылығы, инфрақұрылымның дамуы және еңбек өнімділігінің өсуі шығады.

– Қазақстан жағдайында арзан жұмыс күші мемлекеттік саясаттың мақсаты болмауы тиіс. Елдің стратегиялық құжаттарында еңбек өнімділігін арттыру, жоғары қосылған құнды өндірістерді дамыту және адами капитал сапасын көтеру басымдық ретінде көрсетілген. Бұл – дұрыс бағыт, – дейді әлеуметтанушы.

P.S. Арзан жұмыс күші – экономиканы іске қосатын уақытша құрал. Ол белгілі бір кезеңде инвестиция тартуға мүмкіндік бергенімен, елдің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ете алмайды. Тұрақты өсімнің негізі – білімді адам, технология және еңбек өнімділігі. Әлемдік тәжірибе осы шындықты әлдеқашан дәлелдеп отыр.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу