Бәсекеге қабілеттіліктің қатпарлары

2111

Стратегиялық бастамалар орталығының аға серіктесі Олжас Құдайбергенов отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігіне қатысты өз ойын айтты.

Бәсекеге қабілеттіліктің қатпарлары

Экономистің есебі бойынша, корпоративті бюджеттің 30-40%-ға жуығы тікелей жұмыс өнімділігіне қатысты емес. Егер осы проблемаларды шешсек, біздің кәсіпкер бәсекеге қабілетті болып шыға келеді.Корпоративті және мемлекеттік сектордағы тиімсіздіктің түп тамыры қайда жатқаны туралы Стратегиялық бастамалар орталығының (CSI) аға серіктесі Олжас Құдайбергенов Х Астана экономикалық форумының аясында Atameken business channel ұйымдастырған  "Орта кіріс тұзағы: Қазақстан үшін мәселе" панельдік секциясының пікірталас бөлімінде сөз қозғады.

"Орта кіріс тұзағы" тақырыбы бойынша айтарым, жемқорлық деңгейі төмен және мемлекеттік аппарат тиімділігі жоғары елдер үшін бұл тақырып өзекті болмауы мүмкін, – деп бастады экономист. – Ал осындай қиындықтарды басынан өткеріп жатқан елдер үшін, әрине, өзекті. Жуырда кәсіпорындар арасында сауалнама жүргіздік және сауалнаманың қорытындысын талдаған кезде мынаны аңғардық. Компанияда өнімнің өзіндік құнына тікелей қатысы жоқ шығындар көп болып шықты, оларды қысқартуға болады".

Бірінші кезекте, бұл сыбайлас жемқорлық екенін нақтылап айтты спикер, ол тікелей де, жанама түрде де компания табысына әсер етеді. Біздегі мемлекеттік сатып алу көлемі – шамамен 13-15 трлн теңге. Егер жемқорлық осы соманың барлығын қамтыса, ол міндетті түрде кәсіпорынның шығындарына келіп қосылады. 

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық мемлекеттік сатып алуларда ғана емес, жекеменшік секторда да бар екеніне ол назар аудартты.

"Ірі компанияның көпшілігіне сатып алуларда көп ауыртпалық түседі, компания жекеменшік болса да жабдықтау бөлімі барлық рәсімді жүргізгенде ол мемлекеттік сектордан айырмашылығы шамалы болып шығады", – деп баса айтты CSІ өкілі.

Тиімсіздіктің ендігі қабаты білім беру жүйесінің сапасына байланысты. Олжас Құдайбергеновтің пікірінше, Қазақстан орта білім деңгейі бойынша көшбасшылардың қатарында тұр, бірақ жоғары білім сапасы бойынша айтарлықтай қиындықтар бар.

"Осының салдарынан түлектердің 90% өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Ал жұмыс беруші бұл қызметкерлерді алып, оны оқыту үшін, біліктілігін жоғарылату үшін шығындалады. Ал ол қате жібермей дұрыс шешім қабылдап үйренгенше, оның барлығы компанияның мойнына қосымша жүк болып артылады", – деп сөзін жалғады экономист.

Мемлекеттік аппараттағы қағазбастылық, ҚҚС қайтару, инвестициялық келісімшарттар бойынша жеңілдіктер алуға қатысты шығындар алдыңғы орындарда тұр.

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының мәліметіне сүйенсек, ҚҚС-ты қайтару бойынша мемлекеттің кәсіпкерге жиналып қалған берешек  сомасы 1,3 трлн теңгені құрайды.

"Негізгі қаражатқа салынған инвестиция құнының 30%-ын мемлекет қайтарады деген шара бар.  Шара бар, бірақ шындығында оны ешкім қолданып көрген жоқ. Себебі бюджетте ақша жоқ немесе рәсімдеу ұзаққа созылып кетеді. Кәсіпкер  тиісті мемлекеттік органға өтініш жолдайды, өтініштің мақұлданғанын күтеді – қағаз жүзінде бір айға созылу керек, бірақ құжат тасумен екі-үш айға созылып кетеді. Осыдан соң келісуін күтеді, тағы екі-үш ай, сонымен бір жыл өтеді. Жеңілдік алынған кезде ол қажет болмай қалады. Кәсіпкер уақытын жоғалтады, материалдық шығынға ұшырайды. Мүлде жүгінбегенім дұрыс еді деген қорытындыға келеді", – деп мысал келтірді Олжас Құдайбергенов.

Компанияның бәсекеге қабілетсіз болуына жол ашқан ендігі фактор – тиімсіз әлеуметтік саясат деген ойда сарапшы.

"Ең төменгі лауазымдағы қызметкерлер деңгейінде, әсіресе жеке секторда,  ақшаның ұрлануы, жетіспеуі, кадрлардың жиі ауысуы деген сияқты проблемалар бар. Мұндай деңгейдегі адамдардың еңбек шарты бойынша міндеттерін адал орындауға деген ынтасы төмен болады.  Бұл компанияны осы шығындарды өз есебінен жабуға мәжбүр етеді. Себебі егер қызметкер ұрлық үстінде ұсталса, әділдікке қол жеткізу қиынға соғады. Қызметкердің шығынды жабатын қаражаты жоқ, ал сот рәсімдерінің өзі ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Ең соңында бұл шығынның барлығы компания бюджетіне келіп артылады, бұл тиімсіздікке алып келіп, компанияны құрдымға сүйрейді", - деп түсіндіріп өтті.

Қазақстанның бөлшек бизнесіндегі қаражаттың жетіспеушілік көлемі 5-7%-ды құрайды, бұл қалыпты 2%-дан аспайтын деңгейден анағұрлым жоғары екенін айтты CSI серіктесі.  Осыдан соң компания қосымша әлеуметтік тетіктер жасауға мәжбүр болады.

Ірі компанияларда әлеуметтік пакеттер болуы мүмкін, ал ШОБ-та мұндай мүмкіндік жоқ, сондықтан оған қызметкерлердің түрлі проблемаларын шешуге тура келеді.

"Егер жұмыстың өнімділігіне қатысты емес осындай шығындардың басын біріктірсек, ол компания бюджетінің 30-40 пайызын құрайтынын байқаймыз. Жемқорлықтан болатын шығындардан бастап, қағазбастылықтың салдарынан шашылатын шығындарға дейін. Егер осы проблемаларды шешсек, біздің кәсіпкер бәсекеге қабілетті болып шыға келеді", - деп назар аударды Олжас Құдайбергенов.

Оның айтуынша осыған ұқсас проблемалар мемлекет деңгейінде де байқалады.

"Біз өнімділік туралы сөз қозғағанда, оны барлық халыққа бірдей есептейміз. Бірақ бізде ешқайда жұмыс істемейтін 2,5 млн адам бар екенін естен шығармау керек, себебі халықтың қалған бөлігі осы адамдардың шығынын өтеуге мәжбүр. Мемлекет деңгейінде бұл ресурстарды бұруға әкеледі. Жалпы мемлекетке қанатын кең жаюға мүмкіндік бермейді", - деді Олжас Құдайбергенов.

Әйгерім Сүлейменова, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу