Бәсекенің көкесі – көш соңында

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3141

Футболдан Қазақстан премьер-лигасында бірінші айналымның ойындары аяқталды. Яғни ел чемпионатының үштен бір бөлігі өтті.

Бәсекенің көкесі – көш соңында Фото: fca.kz

Барлық командалар кемі 11 ойыннан өткізді. "Кемі" дейтін себебіміз, "Астана" мен "Қызыл-Жар" өзгелерден бір ойын артық өткізді. Өйткені аталған екі клуб ХІХ турдағы екеуара ойынды өзара келісім бойынша мерзімінен бұрын өткізді. Негізі, бұл ойын 21 шілде күні қызылжарлықтардың алаңында өтуі керек болатын.

Бірақ "Астана" басшылары "Қызыл-Жар" клубымен келісіп һәм Кәсіпқой футбол лигасына өтініш жолдап, осы матчты 25 сәуірге ауыстыруға мүдделі болды. Себеп, ел чемпионы 17 немесе 18 шілдеде Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу сатысындағы қарымта кездесуін өткізеді. Сөйтіп, бұл ойын өзара келісім бойынша мерзімінен бұрын өтіп, "Астана" 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Қазақстан чемпионатының бірінші айналымында басқадай өзгеріс болған жоқ. Десек те, Қазақстан премьер-лигасының (ҚПЛ) бірінші бөлігінде ойындар күнтізбесінде бекітілгендей 66 емес, 67 матч өтті. Осы ойындарда 156 гол соғылды. Сонда бір ойында орта есеппен 2,33 гол соғылып отырған. Тым жаман көресеткіш емес, әрине.

Көш басында – "Астана". 12 ойыннан 31 ұпай олжалады. Әзірше ҚПЛ-да ең көп гол соққан (26) команда да, өз қақпасына ең аз доп жіберген (5) команда да, осы – ұжым. Бірінші айналымда бір-ақ рет ұтылды ("Шахтерден"). Енді бір ойында тең түсіп ("Қайратпен"), қалған 10 матчта жеңіске жетті. Қорғанысы мықты, жартылай қораушылары қарымды, ойыны үйлескен команда. Ел ішінде кез келген команданы қыспаққа алып, қауіп бұлтын төндіреді-ақ. Бірақ мүмкіндіктерінің бәрін жүзеге асыра алмай, көбісін мүлт жіберіп алып жүр. Шабуылын күшейтуі керек-ақ. Әйтсе де, биыл бесінші рет қатарынан ел чемпионы атанатындарына шүбә келтіру қиын.

Екінші орында – Алматының "Қайраты". Екі мәрте тең түсіп, бір рет жеңілістің кермек дәмін татты. Доп айырмасы: 22-7, ұпайы – 26. Орталық қорғаушылары – өте жоғары деңгейдегі ойыншылар. Бұл шептегі ойыншыларын еліміздегі барлық клубтар қызығатындай деңгейдегі қас шеберлер десек те, асыра сілтегеніміз бола қоймас. Қорғанысқа тірек болар шептегі жігіттері де – ығай мен сығайлар. Солардың арқасында қорғанысының орта тұсы осалдау екені де білінбей жүр. Жерар Гоу кеткелі шабуылының ұштығы мұқалып қалғандай, гол соғу да оңайға түсіп жүрген жоқ.

Үшінші орында – Қостанайдың "Тобылы". 11 ойыннан 22 ұпай еншіледі. Соңғы үш турда үй демей, түз демей азулы үш команданы (тіпті негізгі бәсекелестерін десек те болар) 1:0 есептерімен ұтты. Атап айтқанда, "Қайрат", "Ордабасы" және "Ертіс" клубтарын бір доп айырмасымен тізе бүктірді. Құрамы жаман емес, Қазақстан чемпионатында жүлделі орындардың біріне сына қағуға боларлықтай. Барлық шебінде де тәжірибелі ойыншылары жеткілікті. Ал Еуропа лигасында өрнекті ойын үлгісін көрсету үшін деңгейі жоғары қас шеберлер артық етпейді, әрине.

Биылғы ел біріншілігін өте жоғары қарқында бастаған "Ордабасы" соңғы турларда кежегесі кейін тартып, үш рет қатарынан ұтылды. Оған дейін де екі рет жеңілістің кермек дәмін татқан. Бес жеңіліспен үздік үштікке ілігу мүмкін емес, әрине. Еуропа лигасына қатыса алмайтындары мәлім болғалы, ұнжырғалары түсіп кетіп, ойындары жүрмей қойды. Тіпті көш соңындағы командалардың бірі "Жетісуға" да есе жіберіп алды (2:4). Тығырықтан шыға ала ма, жоқ па? Белгісіз. Бәрі де команда басшысына байланысты болатын секілді. Биыл жүлдеге іліге алмай қалуы да ықтимал сияқты.

5-7 орындарды 13 ұпаймен "Ертіс", "Ақжайық" және "Шахтер" клубтары бөлісіп тұр. Бұлардың екеуі, яғни Павлодар және Орал клубтары бас бапкерлерін отставкаға жіберді. Әзірше бұл екі команданы да бұрынғы бас бапкерлерінің көмекшілері Дмитрий Кузнецов пен Артур Авакянц жаттықтырып жүр. Алдағы уақытта команда тізгінін кімдерге ұстататындары белгісіз.

Негізі, "Ертістің" әлеуеті бұдан да жоғары деп ойлаймыз. Алдағы уақытта өз қабілеті мен мүмкіндігін толықтай жүзеге асыруға тырысар. Ал "Ақжайық" көпшілікті таң қалдырды. Украинадан келген, біздің елге бейтаныс бапкері, яғни Владимир Мазяр сөзге де, іске де шебер екен. Орал клубын ойқастатып, ойыны түлетті. Өкінішке қарай, оралдықтар 10-турда "Ақтөбеден" 3:5 есебімен ұтылып қалып, Мазярды жерге қаратты. Осы ойынның нәтижесіне және өзіне құлақ аспай кеткен ойыншыларына күмән келтірген жас маман бұл бейбастыққа қапа болып, өз еліне кетіп қалды.

Ал "Шахтер" тұрақты ойын үлгісін көрсете алмай жүр. Бірде айбарлы "Астананың" өзін тізе бүктіріп, тоң мойын "Тобылды" да тобықтан шалса, енді бірде "Қайсар" секілді басты бәсекелесінен ойсырай ұтылып қалып, асау толқындай тербеліп жүр. Алтылыққа ілігу үшін өз алаңында "Жетісу" секілді командалармен тең түспей, ұтуы керек сияқты.

"Қайсар" мен "Жетісу" 11 ұпаймен 8-9 орындарды бөлісіп тұр. Қызылорда клубы биылғы маусымды өте сылбыр бастады. Алғашқы жеті ойында екі-ақ гол соғып, төрт рет ұтылды. Тек мамыр айында ғана серпіліп, екі команданы 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Алайда соңғы екі турда тағы да гол соға алмай, тең түсті (0:0). Негізі, алғашқы алтылық емес, тіпті төрттікке сына қаға алатындай әлеуеті бар – команда.

"Жетісу" – Бірінші лигадан келген команда. Намысты қолдан бермеуге тырысып-ақ жүр. Сегіз ұпай еншілеп, 10-11 орындарды "Атыраумен" бөлісіп тұрған "Қызыл-Жар" туралы да тура осылай айтуға болады. Екеуінің де құрамдары жаңадан жасақталған, ойын өрнектерінің "бір қайнаулары" әлі ішінде сияқты. Ал "Атырау" жанкүйерлерін жасытып, бауырын жаза алар емес. Дәл қазіргі орны өзіне сай еместей.

Көш соңында – еліміздің бес дүркін чемпионы "Ақтөбе". Негізі, ақтөбеліктер 13 ұпаймен 5-8 орындарды бөлісіп тұруы керек еді. Бірақ бұрынғы футболшыларының біразына жалақыларын әлі толық төлей алмай, сол берешектерінің кесірінен, алты ұпайынан айырылды. Нақтырақ айтқанда, Данило Неко деген легионерімен әлі есеп айырыспағаны үшін, FIFA Тәртіптік комитеті шешімімен, жазаға тартылды.

Жалпы, соңғы жылдары Қазақстан чемпионатында көшбасшылар емес, аутсайдерлер арасындағы бәсеке шиеленісті болып тұр. Бұлай дейтін себебіміз, биыл да жүлделі орындарға таласатын командалар қарасы белгілі болып қалды. Көмбеге "Астана", "Қайрат", "Тобыл" үштігі жұптарын жазбай жетсе де, таң қалмаймыз. Ал қай клубтардың Бірінші лигаға түсіп қалатынан дөп басып айту – қиындау. Тіпті мүмкін де емес. Алда әлі 22 тур бар. Қоңыр күзге дейін көш соңындағы командалар орындарын әлі талай ауыстырып, қырық құбылатын шығар...       

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу