Баск елдерінің туры. Алекс Аранбуру 2-кезеңде жеңіске жетті

1030

Алекс Аранбуру Astana - Premier Tech командасына 2021 жылғы маусымдағы алғашқы жеңісті сыйлады. Соңғы құлдидағы жекелей шабуылдан кейін Аранбуру фавориттер тобынан басымдылығын сақтай отырып, "Баск елдері турының" екінші кезеңінде жеңіске жетті. Бұл жетістік оның Әлемдік турдағы алғашқы жеңісі болды.

Баск елдерінің туры. Алекс Аранбуру 2-кезеңде жеңіске жетті

Аранбурудың жеңісінің басты себепкері Astana-Premier Tech шабандоздарының бірлескен тамаша жұмысы болды. Соңғы 50 шақырымда қазақстандық-канадалық команданың шабандоздары Аранбуруға шешуші шабуылға шығуға жақсы мүмкіндік жасау үшін жарыстағы жағдайды өз бақылауында ұстауға тырысты.

"Біз соңғы асуда шабандоздар шабуыл жасауға талпынатынын білдік. Бірақ бүгін құлди жолы де маңызды болды. Асудың соңғы бөлігінде Омар шабуыл жасамақ болды. Бірақ кейін шабандоздар оны қуып жетті. Содан кейін менің кезегім де келді. Мен біраз басымдылыққа қол жеткіздім. Мәреге жету үшін 100% барымды салуға тырыстым. Бұл менің Әлемдік турдағы алғашқы жеңісім және өте қуаныштымын. Маусымды жақсы бастадым. Бірақ осы уақытқа дейін жеңіске жете алмадым. Баск елдерінде өткен жарыста жеңіске жету - бұл ерекше нәрсе. Біздің команда осы маусымның басында көптеген жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Бірақ жеңіске жете алмады. Сондықтан мен командаға жеңіс сыйлағаныма өте қуаныштымын. Оған қоса өз елімде жеңіске жеттім", - деді Алекс Аранбуру.

"Мен шабандоз ретінде жыл сайын алға ұмтыламын. Биыл классикалық жарыстарда өзіме деген сенімділігім мен тәжірибем артып, кеше жекелей жарысты жақсы өткіздім. Күн сайын барымды салудамын. Мұның соңында қандай нәтиже беретінін көре жатармыз. Қазіргі уақытта мен жалпы есепте жақсы позициядамын. Бірақ біздің командада жарыста жоғары орындарға таласатын басқа жігіттер де бар. Сонымен, біз күн өткен сайын алға жылжып отырамыз. "Баск елдерінің турында" бас классификацияда жүлделі орындар үшін таласамын деп ешқашан ойлаған емеспін. Бірақ, кеше және бүгін өзімді өте жақсы сезіндім. Сонымен, жарыстағы жағдайдың қалай өрбитінін көре жатармыз", - деп қоса кетті Аранбуру.

Стефан Де Бод пен Оскар Родригес кезеңнің алғашқы жартысында топ басшыларына қолдау көрсетіп, оларды ылғалды және қауіпті тас жолда орын алуы мүмкін келеңсіз жағдайлардан қорғауға тырысты және сол үшін көп жұмыс жасады. Соңғы асу алдында Алексей Луценко мен Якоб Фульсанг Алекс Аранбуруды, Омар Фраилені және Йон Исагиррені жақсы позицияға шығарды. Кейінірек, олардың үшеуі де Якоб Фульсанг бар топқа  қосылды.

Алдымен Йон Исагирре, содан кейін Омар Фрайле асуда шабуылдауға тырысты. Бірақ қарсыластар оларды ылғи да қуып жетіп отырды. Құлдиға төмендеу кезінде Алекс Аранбуру шабуыл жасады. Бұл жолы оның шабуылына ешкім ілесе алмады.

Мәреге үш шақырым қалғанда Аранбуру фавориттер тобынан 40 секундтай басымдылыққа ие болды және бұл кезеңдегі жеңіске жету үшін жеткілікті болды.

Көшбасышылар тобы Аранбурудан 15 секундтан кейін мәреге келді. Екінші орынды Astana – Premier Tech-тің тағы бір шабандозы Омар Фраиле иеленіп, командаға кезеңдегі қос жеңісті қамтамасыз етті.

"Біз осы кезеңнің соңғы бөлігін өте жақсы білдік. Өйткені бірнеше күн бұрын барлау жұмыстарын жүргіздік. Сондықтан жақсы нәтиже көрсетуді жоспарладық. Ал жарыстағы біздің көшбасшылар Омар Фрайле мен Алекс Аранбуру болды. Олар бұл жолдарды жақсы біледі. Біз жарысты мүмкіндігінше қиындатқымыз келді және команда тамаша жұмыс жасады. Жігіттердің барлығы басынан бастап соңғы шақырымдарға дейін керемет жұмыс атқарды. Соңғы асу кезінде біздің алдымызда төрт адам болды. Олар шабуылға шығып отырды. Нәтижесінде Алекс шешуші шабуыл жасап, бізге жеңіс сыйлады. Барлығымыз өте қуаныштымыз. Өйткені бұл біздің осы маусымдағы алғашқы жеңісіміз! Жетістікке жету үшін біраз уақыт қажет болды. Бірақ біз дұрыс жолда екенімізді түсіндік. Бұл жарыста біздің шабандоздардың мықты тобы бар. Сондықтан жақсы нәтиже көрсетуге ұмтыламыз", - деді спорт директоры Джузеппе Мартинелли.

Словениялық Примож Роглич жалпы есепте көшбасшылығын сақтап қалды. Ал Рогличке небәрі 5 секунд ұтылған Алекс Аранбуру 2-орынға жайғасты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу