Баск елдерінің туры. Йон Исагирре 4-кезеңде жеңіске жетті

1140

Йон Исагирре Сан-Себастьянның Хондарибия маңында аяқталған "Баск елдері турының" төртінші кезеңінде спринтте жеңіске жетті. Бұл жетістік Astana - Premier Tech үшін осы аптада Алекс Аранбурудың екінші кезеңдегі жеңісінен кейінгі екінші жүлде болды.

Баск елдерінің туры. Йон Исагирре 4-кезеңде жеңіске жетті

Исагирре алты шабандоздан құралған топпен соңғы асудан бастап төменге қарай шабуылдады. Фиништегі спринтте Йон жойқын шабуыл жасады. Бірақ Пейо Бильбао оған жауап берді және Astana – Premier Tech шабандозын басып озды. Алайда, фотофиниш нәтижесі бойынша жеңіс Йон Исагирреге бұйырды. Исагире осыған дейін "Баск елдері турының" жеңімпазы болғанына қарамастан, ол үшін бұл осы жарыстың кезеңдеріндегі алғашқы жеңіс болды.

"Мәреге жеткенде қатты жел соғып тұрды. Ал біздің топта бәріміз соңғы шақырым туралы, спринт туралы ойладық. Бухман бірінші болып шабуылдауға тырысты. Бірақ содан кейін Чавес алға озды. Алайда шабандоздар оны қуып жетті. Мен Бухман мен Мак Налтидің спринтті бастайтынын күттім және олардың соңынан ілестім. Қарсы беттен жел соққандықтан, соңына дейін күттім. Содан кейін оңтайлы сәтті пайдаланып, спринтті бастадым. Барлығы да жеңіске жақын болды. Бірақ жолым болып, мен жеңімпаз атандым және сол үшін өте қуаныштымын. Мәреден кейін Пейоның жеңіске жеткеніне сенімді болдым. Ол менің соңымнан жоғары жылдамдықпен келді. Ал мәре аяқталғаннан кейін ол қолын көтерді. Сондықтан жеңілдім деп ойладым. Екінші орын иелендім екен деп ойлап, оны құттықтадым. Массажистер фотофиниште менің жеңіске жеткенімді көрсетті деген кезде қуануға асықпадым. Мерзімінен бұрын тойлағым келмеді. Жекелей жарыстан кейін қазір өзімді өте жақсы сезінемін. Жарыс басталар алдында жігерлі болдым. Бірақ жекелей жарыстан кейін 1 минут 10 секунд уақыт артта қалғандықтан, мұндай нәтижені қабылдау оңай болған жоқ. Бірақ содан кейін Алекс жеңіске жетсе, енді мен де жеңімпаз атандым. Сондықтан көңіл-күйім тамаша!", - деді Йон Исагирре.

"Команда бүгін өте жақсы жұмыс жасады. Оскар мен Стефан топтағы жағдайды бақылауда ұстады. Омар мен Алексей бірнеше рет алға озуға тырысты. Сондай-ақ, Якоб маған финалда көп көмектесті. 2019-жылы осы жарыстың жалпы есебінде жеңіске жеттім. Бірақ ол кезде мен кезеңде жеңіске жете алмадым. Ал қазір жеңісімді тойлап жатырмын. Мен тек осы сәттен ләззат аламын. Алда әлі өте қиын екі күн бар. Жарыс әлі аяқталған жоқ және әр түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін", - деп қоса кетті Исагирре.

Төртінші кезең өте жылдам басталды. Алға озу үшін нағыз шайқас өрбіді және жарыс жолының алғашқы 100 шақырымында Омар Фраиле мен Алексей Луценко бірнеше рет шабуылдап, белсенділердің қатарында болды. Алайда, пелотон ешкімнің кетуіне мүмкіндік бермеді. Мәреге 85 шақырым қалғанда төрт шабандоз 3 минуттай басымдылыққа ие болып, негізгі топтан алға озды. Алайда, көп ұзамай оларды негізгі топ қуып жетті.

Жарыс жолының соңғы Эрлайц асуында пелотоннан бірнеше мәрте шабуылдар болды. Йон Исагирре, Якоб Фульсанг және Алекс Аранбуру көшбасшылар тобында еді. Шыңға жеткеннен кейін алты шабандоз топтан алыстай алды және сол топтың арасында Йон Исагирре де болды.

Пелотон алға озған топты қуып жетуге тырысты. Бірақ еш нәтиже шықпады. Нәтижесінде алты шабандоз жеңіс үшін таласқа түсіп, Astana – Premier Tech шабандозы үздәк нәтиже көрсетті.

"Бұл кезеңде біз көшбасшы топта болғымыз келді. Өйткені жарыс жолы өте қолайлы болды. Бірақ, ештеңе қолымыздан келмеді. Кезең өте жылдам басталды. Көптеген талпыныстарға қарамастан, көшбасшы топ құру мүмкін болмады. Шағын топ алға озған кезде біз бұл кезеңде жеңілмейміз деп шештік. Сондықтан алға оздық. Соңғы асуда кез-келген жағдайда әрқашан біздің алдымызда Алекс, Якоб немесе Йон болуы керек деп жоспарладық. Тау жолы Аранбуру үшін өте қиын болды. Бірақ Фульсанг пен Исагирре қолынан келгеннің бәрін жасады. Нәтижесінде бізге сәттілік жолдас болды. Ал Йон спринтті жақсы өткізді. Иә, жеңіске біртабан жақын болдық және біз жеңіске жеттік. Тағы бір жеңіске қол жеткізгенімізге өте қуаныштымыз!", - деді спорт директоры Джузеппе Мартинелли.

4-кезең қорытындысы бойынша Брендон МакНалти көш бастады. Ал көшбасшыдан 1 минут 15 секунд уақыт айырмашылығымен Йон Исагирре 9-сатыға жайғасты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу