Басқа елдер ғарышты игеріп жатқанда Қазақстан малға азық таппай отыр

4484

Мәжілістің бір топ депутаты елдегі су тапшылығы мен қуаңшылыққа алаңдаушылық білдірді. Олардың айтуынша, осы зауалдың кесірінен қаншама отбасы ауыр жағдайға ұшырап, қаншама шаруашылық жер сипап қалған, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Басқа елдер ғарышты игеріп жатқанда Қазақстан малға азық таппай отыр

"Қоршаған ортаға антропогендік әсерлер мен жалпы климаттың өзгеруі, алдымен еліміздің агроөндіріс кешеніне әсер ете бастады. Теңіздер мен өзендердің тартылуы, жауын-шашынның нормадан аз түсуі көптеген аймақтардың, соның ішінде Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының ауыл шаруашылықтарына қиындық туғызуда", деді депутат Еділ Жаңбыршин Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, әсіресе, Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында ата-бабамыздан қалған асыл мұраның бірі – төрт түлік малды ұстап отырған шаруашылықтар мен тұрғындар аса ауыр жағдайда. Елдегі су тапшылығы мен қуаңшылық жайылым жерлердің жағдайын кетірген. Осы жағдай тиісінше малдың шығынына әкелген. 2020 жылы Маңғыстауда 4883 мал қырылса, биыл бірінші тоқсанның қортындысы бойынша 1332 бас мал өлген. Бұл мәлімет тек сырғаланған, тіркелген мал шығыны бойынша ғана, ал облыстағы малдың 56%-ын құрайтын қалың бұқараның қанша малы қырылғаны белгісіз. Мұндай жағдай Қызылорда облысында да тіркеліп, 481 бас мал өлген. Осындай жағдай мал азығының бағасын еселеп көтеріп жіберген. Маңғыстауда бір түк шөптің бағасы 17 мың теңге болса, бір келі арпаның бағасы 95 теңгеге жеткен. Ал, көршілес Ақтөбе облысында сол бір түк шөп 4 мың теңге тұрады. Бағаны көтеріп отырған жол шығындары және осыдан пайда көріп қалайын деп отырған делдалдар.

"Осы зауалдың кесірінен қаншама отбасы ауыр жағдайға ұшырады, қаншама шаруашылық жер сипап қалды?! Оның есебі бар ма? Осындай жұтта халыққа қалай көмек береміз?! Әрине, халық бірінші кезекте Парламентке, Үкіметке арқа сүйейді. Қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі және жергілікті атқарушы билік жем-шөп жеткізу, қаржы бөлу сияқты шараларды іске асыруда. Алайда бұл көмек барлық мал шаруашылығы мен жеке адамдардың мал басын қамтымай, сондай-ақ жеткізіліп отырған азықтың бағасы қол жетімді болмай тұр", – дейді ол.

Мәжілісменнің пайымдауынша, жалпы болып жатқан жағдай, әр өңірдің ерекшеліктерін ескерген, ғылыми зерттеулерге негізделген еліміздің мал шаруашылығын дамытуға және оның азығын дайындауға арналған жүйелі-жоспарлы жұмыстың жоққа жақын екенін айқын көрсетіп отыр. 

"ХХІ ғасырда ғарышты игеріп, Австралия мен Канадан асыл тұқымды мал алдырып, дүниенің бәрін цифрландырып жатқанда, малға азық тауып бере алмай жатқанымыз өте ұят! Қазақ атымызға сын емес пе? Осыған орай азаматтарға көмек көрсету мақсатында және мал басын аман алып қалу үшін келесі шараларды тез арада атқару қажет деп есептейміз. Қалыптасқан жағдайларға байланысты жұт жайлаған нақты аудандар мен аймақтарда шұғыл түрде жерглікті дәрежедегі төтенше жағдай жарияланып, оларға тиісті бюджеттік көздерден және материалдық қорлардан нақты көмектер көрсетілуге тиіс. Зардап шегіп жатқан аудандарға мал азығын жеткізу үшін көрші облыстардан тасымалданатын мал азығының жол шығындарын субсидиялап, тиісті әкімшілік-басқару шараларын іске асыру қажет. Қуаңшылықтан қиындық көріп отырған өңірлерге басқа облыстардан тез арада мал жаюға және мал азығын дайындауға жер телімдері уақытша пайдалануға берілсін", – деді Еділ Жаңбыршин. 

Депутаттар сонымен қатар мұндай жағдайдың қайталану ықтималдығын ескеріп,  атқарушы билік өз тарапынан мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарға жедел көмек көрсету, сақтандыру, аймақ аралық қатынастарды жүйелеудің нақты, кешенді механизмдері мен алгоритмдерін жасақтауға тиіс екенін мәлім етті.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу