Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан мәлім етте, деп жазады inbusiness.kz.
Оның айтуынша, білім алушыларды жатақханамен қамтамасыз ету, сондай-ақ, жастардың өмір сүру жағдайын жақсарту стратегиялық-нормативтік құжаттарда анықталған.
"Біріншіден, "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап еліміздегі жоғары оқу орындарының барлық оқуға қабылданған білім алушыларды жатақханамен қамтамасыз етуі міндеттелген. Екіншіден, Қазақстан Республикасында жоғары білімді және ғылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 4 нысаналы индикаторында қарастырылған", – деп атап өтті Ақерке Абылайхан.
Сонымен қатар, "Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарын және оларға сәйкестікті растайтын құжаттардың тізбесін бекіту туралы" бұйрықта ЖОО-ның білім беру қызметіне қойылатын талаптарының бірі – басқа қаладан келген білім алушылардың кемінде 70%-ның тұруы үшін (жатақаналар /хостелдер/қонақ үйлер) жағдай жасау жағы көзделген.
Министрлік өкілінің айтуынша, елімізде 104 ЖОО-да жатақханалар саны 380 бірлікті құрайды, төсек-орын саны – 106 203 бірлік, оның ішінде 182 объекті бойынша 24 560 төсек-орын жалға алынған.
"Батыс Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Жетісу, Алматы, Ұлытау, Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында және Шымкент қаласында жатақханаға деген қажеттілік өз теңгеріміндегі жатақханамен және хостелдерді жалға алу арқылы толық көлемде шешімін тапты", – деді спикер.
Сондай-ақ, бүгінгі күні еліміздің 58 ЖОО 182 объекті немесе 24 560 төсек-орындық жатақханамен және хостелдермен келісім-шартқа отырды.
Оқу орындары жатақханамен және хостелдердің меншік иелерімен бірлесіп, келісім-шартта студенттердің тұру ақысын айқындайды. Орташа алғанда, төлем мөлшері 3 мыңнан 55 мың теңгеге дейін (ең қымбат хостель Алматы қаласында – 55 мың, Астана қаласында – 50 мың теңге).
Қазіргі таңда ЖОО-ның жауапты тұлғалары, жастар ұйымы мен хостелдердің әкімшілігі бірлесіп, студенттердің қауіпсіздігі бойынша жұмыстар жасауда. Жалға алынған хостелдерде, жатақханаларда мемлекеттік жатақханадағыдай камералар, күзетшілер қарастырылған.