Басқарма заңсыз талап қойып отыр

Кәсіпкерлер "Атамекен" палатасынан көмек сұрады.

Басқарма заңсыз талап қойып отыр

Жаңа оқу жылының алдында Алматы қаласы мемлекеттік активтерді басқару басқармасы кәсіпкерлерден 2016-2017 жылдары пайдаланған жабдықтарды жалға алу құнын талап етті.

Кәсіпкерлер палатасының дерегі бойынша, мемлекеттік активтерді басқару басқармасы қаланың 4 ауданындағы жалға алушылардан 23,5 млн теңге талап еткен. Берешек құны Әуезов ауданы бойынша – 9 млн, Алмалы ауданы бойынша – 2,3 млн, Медеу ауданы бойынша – 2,6 млн, Жетісу ауданы бойынша – 9,6 млн теңгені құраған. Ал өткен жылдары кәсіпкерлер мен мектеп директорлары қол қойған келісім шартта жалға беру құны туралы жазылмаған. Өйткені бұл уақытта кәсіпкерлер жабдықтарды жөндеу, техникалық қызмет көрсету жұмыстары бойынша барлық шығындарды өз мойындарына алған.  

Кәсіпкерлердің арасында талап етілген соманы төлегендері және төлеуге қаржылық мүмкіндігі жетпей отырғандары бар. Мәселені шешу үшін мектеп асханаларын жалға алушылар "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрап, баспасөз мәслихатын өткізді.

Жиында кәсіпкерлер шығынды өтеуге келісім берген жағдайда, алдағы оқу жылы оқушыларға ұсынатын тағамдардың бағасын қымбаттатуға мәжбүр болатындарын, салдарынан ата-аналар тарапынан түсініспеушілік туатынын айтты.

Баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау бөлімінің басшысы Салтанат Лесбаева: "Мемлекеттік активтерді басқару басқармасы жалға беру шарттарын уақытында енгізбегені үшін кәсіпкерлер жауапты емес. Басқарманың талабы заңсыз", – деді.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу