Сирия құрамасы – "жұмбақ команда". Бұл кездесу Қазақстан мен Сирия арасындағы алғашқы ресми кездесу ғана емес, ойынға қатысатын қарсыластардың құрамы да соңына дейін белгілі болған жоқ. Естеріңізге сала кетейік, турнирге қатысуға өтінімде 22 ойыншы болған және олардың қайсысы бұл ойында ойнайтыны мүлде белгісіз еді. Оның үстіне сириялықтардың бас бапкерінің аты да беймәлім болды.
Сонымен бас бапкер соңғы он жылда канадалық кәсіпқой командаларды жаттықтырған америкалық маман Джозеф Салерно екен. Ол Канада чемпионы және үш рет Канадада жыл бапкері атанған. Ойынға қатысатын қарсыластардың құрамы белгілі болғаннан кейін көзіміз бірден американдық Амир Джаббар-Хинтонға түсті. Кейін ол біздің командаға әжептәуір кедергі келтірді. Ал Дарко Руссо қазақстандықтардан бұл ойынға Шайым Қуанов, Александр Жигулин, Дмитрий Гаврилов, Максим Марчук және капитанымыз Рустам Мырзағалиев қатысады деп шешті.
Матч басталысымен Дмитрий Гаврилов ірі денелі қарсыластарынан айласын асыра алмай, алғашқы лақтыруы нәтижесіз болды. Ойынның бастапқы бөлігінде ұйымдастырылған шабуылдардың ешбірі командаға табыс әкелген жоқ. Тек бір жарым минут өткен соң ғана матчтағы есепті қарсыластарымыз ашты. Дегенмен келесі шабуылда-ақ біздің ойыншылар алға қойған мақсаттарына жетті. Александр Жигулин есепті теңестіріп қана қоймай, Қазақстан құрамасын алға шығарды. Командалар шабуылдармен алмасты. Бұл жолы Максим Марчук гол соқты. Содан кейін сириялықтар алға шығып, өз басымдықтарын ұстап қалуға тырысты.
Дмитрий Гавриловтың екі ұпайы есеп айырмасын барынша қысқартқанымен, қарсыластар әлі де алда болды. Бірінші кезең ортасында сириялықтар жақсы ойын өрнегін көрсетті. Ал Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы бір минуттық үзіліс құқығын пайдалануға мәжбүр болды. Кездесудің алтыншы минутында сириялықтар жерлестерімізден екі есе ұпай айырмашылығымен алға озып, 7 ұпайға қол жеткізді. Бірақ Рустам Мырзағалиев осы кездесудегі алғашқы голын соқты. Бірінші кезеңінің соңына дейін командалар арасындағы есеп айырмашылығы 7-4 ұпай шамасында болды. Осы уақыт аралығында Дмитрий Гаврилов Мырзағалиевтің "айқын" пасынан кейін тағы бір гол соқты. Бірақ бірінші үзіліске командалар 17:24 есебімен кетті. Екінші кезең де қонақтардың пайдасына 33-38 есебімен аяқталды.
Үлкен үзілістен соң Дарко Руссо шәкірттері нәтижелі шабуылдарымен көзге түсті. Ал Антон Быков командамыздың статистикасын өзгертуге өз үлесін қосты. Қарсыластар біздің команданың алға шығуына барынша кедергі келтірді. Бірақ Мырзағалиев пен Бажин есепті теңестірді. Нәтижесінде біздің құрама қарсыластарын артқа тастап, бір ұпай айырмашылығымен алға шықты – 54:53.
Алғашқы үш кезең қорытындысынан кейін соңғы он минутта ымырасыз күрес болатыны сөзсіз еді. Нәтижесінде қазақстандықтар он ұпай басымдығымен, кездесуде 84:74 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, Қазақстанның Сирияға қарсы ойынымен қатар болашақ қарсыластарымыз Иран мен Бахрейн арасында кездесу өтті. Оның қорытындысы бойынша ирандықтар 82:66 есебімен сенімді жеңіске жетті. Топтағы екі ойыннан кейін Иран өз тобында көш бастап тұр. Қазақстан ирандықтардан жіберген голдарының айырмашылығы бойынша ғана ұтылып, екінші қатарда тұр. Ал Сирия мен Бахрейн үшінші және төртінші орындарға жайғасты.
Келесі матчты Дарко Руссоның шәкірттері Сирия құрамасымен жауапты матчты қонақта өткізеді. Кездесу дүйсенбі күні, 29 қарашада Дамаскіде Нұр-Сұлтан уақытымен 22:00-де басталады.
Ермұхамед Мәулен