Баспана бастапқы жарнасыз беріледі

13130

Ұстаздар мен дәрігерлер 20 жылға жалға алған 3 мың пәтерді жекеменшікке аудара алады.

Баспана бастапқы жарнасыз беріледі

"Қазақстан Ипотекалық компаниясы" ИҰ" (ҚИК ИҰ) Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрліктерімен "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша сатып алу құқығымен тұрғын үйлерді жалға беру туралы келісімге қол қойды.

Жобаны жүзеге асыруға ҚИК ИҰ АҚ меншікті қаражатынан 40 млрд теңге бөлмекші. Бұл – қазына қаржысының мұрты бұзылмайды деген сөз.

Компания басшысы Әділ Мұхамеджановтың мәлімдеуінше, ұстаздар мен дәрігерлер 20 жылға жалға алған 3 мың пәтерді жекеменшігіне аудара алады. "Ерекше атап көрсетерлігі,баспана бастапқы жарнасыз беріледі. Келісімшартқа қол қойған тұлғаға 20 жылға жалға алған пәтерінің құнын айыппұлсыз толық төлеу және пәтерді жекеменшікке аудару құқы берілген. Үй алғысы келген дәрігердің немесе мұғалімнің айлық табысы шекті көрсеткішке жетпей қалса, оларға кепілгер тарту мүмкіндігі қарастырылған. Бағдарлама қатысатын азаматтардың тізімін министрліктер жасайды. Біздің компания үміткерлердің төлем қабілетін тексеріп, жалдау келісімшартын рәсімдейді. Жоспар бойынша алдағы 2 жылда мұғалімдер мен дәрігерлерге 3 мың арендалық пәтер ұсынылады", – деді Әділ Мұхамеджанов.

Оның сөзінше, ҚИК ИҰ дайын пәтерлерлі сатып алады да, тізім бойынша таратады. Жалға берілетін пәтерлердің ауданы 80 шаршы метр болады. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында тұрғын үйдің бір шаршы метрінің бағасы 260 мың, аймақтарда 220 мың теңгеден аспауға  тиіс. 50 шаршы метр пәтердің  бағасы 13 млн теңге болса, ай сайын 60-70 мың теңгеден төлеу қажет болады", – деді ҚИК ИҰ АҚ басшысы.

Баспананы бастапқы жарнасыз беретін ҚИК ИҰ АҚ сатып алушыларға көрсеткен қызметі үшін  1%  төлемақы алады. Яғни 13 млн теңгенің үйін рәсімдегені үшін клиентттен 130 мың теңге талап етеді.

"Біз атқарған жұмысымызға көп ақша сұрап отырған жоқпыз деп ойлаймыз. Жалпы, арендалық баспана ұстаздар мен дәрігерлерге жылдық 3% мөлшерлемемен беріледі. Біз пәтерлерді сатып алғанда ақшаны қарызға аламыз. Межелі мерзімде шығынды  өтеуіміз керек", – деді Әділ Мұхамеджанов.

Айта кетейік, қазір білім саласының 10 мың, денсаулық саласының 15 мың қызметкері тұрғын үйге зәру болып жүр.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу