Баспана сатып алғысы келетіндерге қатысты маңызды жаңалық жарияланды

1626

Жылжымайтын мүлік бойынша мәмілелерді нотариаттық ресімдеу тәртібі өзгерді. 

Баспана сатып алғысы келетіндерге қатысты маңызды жаңалық жарияланды Фото: ЖИ

2026 жылғы 8 қыркүйектен бастап Қазақстанда пәтерді және басқа жылжымайтын мүлікті сатып алу-сатуға, сыйға тартуға, айырбастауға, кепілге қоюға немесе иеліктен шығаруға байланысты мемлекеттік тіркеуге жататын өзге де мәмілелерді енді тек мүліктің орналасқан жеріндегі нотариус қана куәландырыла алатын болды. Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады.

Осылайша, Қазақстан тура алты жыл бұрынғы күйіне қайта оралып, таз кепешін киді. Өйткені 2020 жылғы реформаның нәтижесінде елімізде жылжымайтын мүлікті ресімдеу кезінде экстерриториалдық қағидат енгізілген болатын.

"Қазіргі өмірдің ырғағы тез жүреді және барлық салада тиісті тәсілдерді қажет етеді. 2020 жылғы 1 шілдеден бастап жылжымайтын мүлікпен мәмілелерді ресімдеу кезінде эксаумақтылық енгізілді. Егер бұрын жылжымайтын мүлікпен жасалған мәмілелер оның орналасқан жері бойынша нотариуста куәландырылған болса, енді тараптар оның орналасқан жеріне қарамастан кез келген нотариусқа жүгіне алады", – деп сол тұста Әділет министрлігі мақтана хабарлаған еді.

Енді оның бәрі адыра қалды. Бір қызығы, бұл шектеу әсіресе, Астана, Алматы, Шымкент, Жетісу, Түркістан сияқты құрылыс қарқыны жоғары қалалардағы нотариустарды байытуы мүмкін. Ал, жылжымайтын мүлік көп көлемде іске қосылмайтын, тиісінше, мәмілелер де аз рәсімделетін аудан-қалаларда нотариустар клиентсіз қалуы ғажап емес.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы 8 айында тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша келесі өңірлер көш басында: Астана (2 млн 715 мың м²), Алматы (1 млн 832 мың м²), Алматы облысы (967 мың м²), Түркістан облысы (719 мың м²), Шымкент (709 мың м²). Ал, Ұлытау облысында жыл басынан бері 51,2 мың, Абай облысында 147,3 мың, СҚО-да 132 мың, ШҚО-да 172,4 мың шаршы метр тұрғын үй ғана қолданысқа берілді.

Демек, аталған өзгеріс бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, оның мәні тереңірек. Бұған дейін мысалы, Ұлытау облысында тұратын азамат елордадан сатып алған пәтерін Жезқазғандағы таныс нотариусы арқылы рәсімдей салатын. Енді оған тыйым салынып отыр: ұлытаулық тұрғын Астанаға келіп, баспанасын тек астаналық нотариус арқылы рәсімдеуге міндетті.

Салдарынан, қазақстандықтардың мәміле жасаудағы таңдауы мүліктің орналасқан жерімен қатаң шектеліп отыр. Жылжымайтын мүліктің адресі нотариаттық куәландырудың негізгі бағдарына айналады. Яғни, пәтер Ақтауда болса, оны иеліктен шығару немесе кепілге қою жөніндегі нотариаттық рәсім тек Ақтау қаласындағы нотариуста жүргізіледі.

2020 жылы "эксаумақтылықты" қызу ілгерілеткен Әділет министрлігі енді бұл кері бұрылысын "жылжымайтын мүлікке қатысты рәсімдерді ретке келтіру және жүйелеу қажеттілігімен" түсіндірді.

"Енгізілген өзгерістер, ең алдымен, жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді ресімдеу үдерісін ретке келтіруге және жүйелеуге бағытталған. Аумақтық қағидат мүлік объектісі, мәмілені нотариаттық куәландыру және құқықтарды кейіннен мемлекеттік тіркеу арасындағы өзара байланысты нақты әрі жүйелі түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа тәртіп жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялардың ашықтығы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ алаяқтық схемалардың тәуекелдерін төмендетуге бағытталған", – деп мәлімдеді Әділет министрлігі.

Ведомствоның нақтылауынша, "аумақтық қағидат" азаматтардың өз мүлкіне басқа өңірде жүріп билік ету құқығын шектемейді. Алайда әлеуметтік желілерде сарапшылар бұл тетік керісінше, алаяқтыққа серпін беруі мүмкін екенін ескертті. Мысалы, отбасы Таразда отырып, Алматыдағы құрылыс компаниясынан қашықтан баспана сатып алса, тұрғын үй қолданысқа берілгеннен кейін оны қалай рәсімдейді? Мұндай жағдайда рәсімдеу процестері аяқталғанша, отағасы мен отанасы екеуі еліміздің ең ірі мегаполисіне қайта-қайта қатынап, сабылуға мәжбүр болады.

Одан шаршаса, Алматыда сенім білдірген адамды – туысты не танысты тауып, нотариус арқылы соған өз атынан барлық рәсімдерді жүргізуге қолхат беруге тиіс. Мұның соңы алаяқтықтың артуына соқтырмай ма? Ол адам ертең сол қолхат арқылы ол пәтерді сатып жібермей ме? Бұл енді ол адамның арына байланысты.

"Егер меншік иесінің жылжымайтын мүлік орналасқан жерге жеке өзі келу мүмкіндігі болмаса, ол өз атынан қажетті әрекеттерді жүзеге асыратын өкіліне сенімхат рәсімдеуге құқылы. Мәселен, егер пәтер Астанада орналасып, ал, оның меншік иесі Алматыда тұрса немесе уақытша сонда болса, ол басқа тұлғаға сенімхат рәсімдей алады. Міне, сол өкіл Астанадағы нотариуста бүкіл мәмілені жүзеге асырады. Азаматтар басқа қалада немесе өңірде тұрып, жылжымайтын мүлікті сенім білдірілген тұлғалар арқылы сатуға, сыйға тартуға, айырбастауға немесе кепілге қоюға құқылы", – деп мәлім етті министрлік.

Қалай болғанда, жаңа өзгерістер енді мәмілені нотариаттық куәландыру орны ретінде тек жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жерін ғана қабылдайды. "Бөтен" нотариустар рәсімдеуге тырысса, ондай құжаттың күші болмайды.

Бір ғажабы, мемлекет тек баспана алушыларды ғана шектеп отыр. "Жаңа талап тек жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерге ғана қолданылады және өзге нотариаттық әрекеттерді жасау тәртібіне әсер етпейді", – деп нықтады Әділет министрлігі.

Нотариат жүйесін жетілдіретін реформа тағы нені қарастырады?

Жылжымайтын мүлікке қатысты жаңалық – нотариаттағы ауқымды өзгерістердің бір ғана бөлігі. 2026 жылғы 8 шілдеде "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне нотариаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойылды. Құжат алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң, яғни, 8 қыркүйекте күшіне енді.

Заңның негізгі мақсаты – нотариаттық әрекеттер жасау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту. Оның ішінде жұртшылық жиі бетпе-бет келетін атқарушылық жазбаға байланысты рәсімдерге қатысты жаңашылдықтар енгізілді.

Олар қоғамға тікелей әсер етеді. Өйткені нотариустың атқарушылық жазбасы азаматтың мүліктік міндеттемесіне тікелей ықпал етуі мүмкін. Мысалы, МИБ/ПИК төрағасының шағымдануы негізінде нотариус борышкер пәтер иесінің бүкіл банктік шоттарын бұғаттап тастай алады.

Сондықтан мұнда рәсімнің жылдамдығымен қатар, адамның хабардар болуы, бұғаттауға қарсылық білдіру мүмкіндігі және құқықтық қорғану тетіктері шешуші мәнге ие. Осыған байланысты жаңа заң бұл рәсімнің ашықтығын арттыруды қарастырады.

"Ерекше назар аударуды талап ететін нотариаттық әрекеттердің бірі – атқарушылық жазба. 2025 жылғы наурыздан бастап eGovMobile платформасында азаматтарға атқарушылық жазба туралы ақпарат алуға және онлайн форматта қарсылық білдіру құқығын іске асыруға мүмкіндік беретін цифрлық шешімдер қолданыста. Осы кезеңде нотариустар 2,5 миллионнан астам атқарушылық жазба жасады, оған тұрғындардан 700 мыңға жуық онлайн қарсылық түсті", – деп түсіндірді министрлік мамандары.

Үкімет eGovMobile мүмкіндіктерін азсынып отырса керек. Келесі кезеңде ашықтықты арттыру үшін Әділет министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен әзірленіп жатқан жаңа "E-Notary" цифрлық платформасын іске қосуды жоспарлауда.

"Жаңа платформа нотариустың әрбір әрекетін тіркеуді қамтамасыз етуге тиіс. Ол нотариустар мен азаматтарды биометриялық сәйкестендіруді, сондай-ақ азаматқа өзінің қатысуымен жасалған нотариаттық әрекеттерді бақылауға мүмкіндік беретін жеке кабинеттің болуын талап етеді. Сондай-ақ жүйеде заңды тұлғалардан, оның ішінде банктерден, микроқаржы және коллекторлық ұйымдардан келіп түсетін атқарушылық жазба жасау туралы өтініштерді автоматты түрде бөлу жоспарлануда", – деп нақтылады Әділет министрлігі.

Бұл тетіктің "нотариустар арасында жүктемені біркелкі бөлуге, өндіріп алушының нотариусты таңдау мүмкіндігін болдырмауға және теріс пайдалану тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік беретіні" алға тартылды.

Сонымен қатар, нотариустардың үстінен ЖИ қарайтын болады. E-Notary құжаттарды талдау, ықтимал сәйкессіздіктер мен тәуекелдерді анықтау және ұсынымдар қалыптастыру үшін жасанды интеллект элементтерін пайдаланады. Бұл ретте нотариаттық әрекетті жасау туралы түпкілікті шешімді тек нотариус қабылдайды.

Жаңа платформаны пилоттық пайдалану 2026 жылдың соңына дейін жалғасады. Оның қорытындысында E-Notary жүйесін еліміздің бүкіл аумағында кеңінен енгізу жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу