Мұны Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Спикердің айтуынша, әлемнің кез келген нүктесінен телефон арқылы нотариусқа видеоқоңырау шалуға жағдай жасалған. Әрі "бұл – әбден піскен, сынақтан өткен жоба" деп отыр.
– Нотариальдық онлайн-мәміле іске қосамыз. Таяу уақытта құлақтандыру болады. Өздеріңіз білетіндей, бұрынырақ біз "Enotary" жобасын іске қосқан едік. Яғни, әлемнің кез келген нүктесінен телефон арқылы нотариусқа видеоқоңырау шала аласыз, оған барып сенімхат рәсімдеудің қажеті жоқ. Екі жылға жуық уақыт сынақтан өткіздік, қарадық, ешқандай кейістік, проблема болмады. Азаматтардан шағым түспеді. Соған орай ендігі уақытта аталған платформаға жылжымайтын мүлікті сатуды да қосқымыз келеді. Бұған қоса бұл – онлайн ипотека да. Егер сіз онлайн ипотека рәсімдесеңіз, онда банкке 10-15 рет барудың қажеті болмайды. Бұл жұмысты нотариусқа видеоқоңырау шалу арқылы орындай аласыз. Әрине, нотариус бәрін қайта тексереді. Сонымен қатар сіз биометриядан өтесіз. Телефоныңызға смс келеді. Демек, қауіпсіздіктің 3-4 кезеңі бар, платформа толықтай қауіпсіз, – деді ол.
Бекболат Молдабековтың сөзінше, 2023 жылдың сәуірінен бастап сенімхат, көмек және ерлі-зайыптылардың келісімі сынды нотариалдық қызметтер онлайн форматқа көшірілген. Жоба іске қосылған сәттен бері 220 мыңнан астам цифрлық сенімхат рәсімделген және аталған қызметтерге азаматтар тарапынан ешқандай шағым түспеген.