Баспаналы болғыңыз келсе...

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
6972

"Нұрлы жер" бағдарламасына жүгініңіз

Баспаналы болғыңыз келсе...

 

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі құрылыс және ТКШ комитетінің төрайымы Мархабат Жайымбетованың айтуынша, "Нұрлы жер" бағдарламасы бұрынғы тұрғын үй бағдарламаларының тиімді тұстарын сақтап қалған.

"15 жылда біз 1,5 млн шаршы метр үй салуды жоспарлап отырмыз. Жаңа бағдарлама бұрынғы бағдарламалардың жақсы жақтарын сақтап қалды. Бірінші міндет халықтың барлық тобын үймен қамту. Осы бойынша бес бағыт дайындалды. Бірінші бағыт – сатып алу және жекешелендірусіз жалға беру. Бұл бағытта бірінші топтағы мүгедектер мен жетімдер қамтылады.  Олар үшін үйдің шаршы метрі 100 теңге. Екі бөлмелі үйлердің жалға берілуі (50 шаршы метр) 5 мың теңге", – деді комитет төрайымы.

Екінші бағыт тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жұмыс істейді. Мархабат Жайымбетованың айтуынша, төлем қабілетті барлық азаматтар қатыса алады. Олар негізінен мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметкерлер мен әскери қызметкерлер. Ол үшін алдымен үйдің 30 пайызын жинап қою керек. Оны жинау уақыты ТҚЖБ банкі салымшылары үшін 2 жыл, әкімшіліктегі кезектегілер үшін 3 жыл. Ол үшін соңғы бес жылда сіздің атыңызда үй болмауы керек. Қарыздың пайыздық құны жылына 4-5 %. Үйдің шаршы метрі өңірлерде 140 мың, ал Астана, Алматы, Ақтау және Атырауда 180 мың теңге.

Сонымен қатар арнайы шарт арқылы ипотекамен де үй алуға болады.

"Біз екінші деңгейлі банктерге шарт қойдық. Олар Ұлттық банктің базалық несиесіне плюс 5 пайызбен ипотека беруі керек. Бұл шамамен 16-17 пайыз. Соның 7 пайызын мемлекет өтейді. Алматы мен Астанада осы бағдарлама бойынша 20 млн теңгеге дейінгі үйлерді, ал өңірлерде 15 млн теңгеге дейінгі үйлерді сатып алуға болады. Қазір бұл бағдарламаға қатысуға 6-7 банк қызығушылық танытып отыр", – деді Мархабат  Жайымбетова.

Айтпақшы, құрылыс компаниялары үшін де мемлекеттің қолдауы бар. Оларға берілген 17 пайыздық несиенің 7 пайызын мемлекет субсидиялайды.

Мархабат  Жайымбетованың сөзінше, "Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлік қоры мен "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. 

Алдағы уақытта аталмыш екі ұйым "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша құрылыс жұмыстары мен сатуды бірлесе іске асырады.

Құжатқа сай "Самұрық-Қазына" жылжымайтын мүлік қоры тұрғын үй займдары туралы салымшылар мен сатып алушыларды ақпараттандырып, инвестициялау туралы келісімге сай жылжымайтын мүлік нысандары құрылысын қаржыландырады. Ал "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ жылжымайтын мүлік қорына өз салымшылары арасынан сатып алушы тауып бермек.

"Нұрлы жер" бұрынғы бағдарламалардан жер үй құрылысын қарастыратындығымен ерекшеленеді. Бұл туралы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы Ләззат Ибрагимова Қызылорда қаласының бас жоспарын назарға ала отырып пікір білдірді.

"Бірінші кезекте қаланың сол жақ жағалауында бірыңғай стильде салынған жеке үйлерден тұратын тұрғын үй ықшам ауданы бой көтереді. Қазір телімдер тегістеліп жатыр, тіпті алғашқы ныандардың іргетасы төселіп, инженерлік коммуникациялар жүргізілуде. Құрылыс аяқталған соң, бұл тұрғын үйлерді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы сатып алуға болады", – деді ҚТҚЖБ басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Оның сөзінше, 40 үйге арналған 4 ықшамаудан салу жоспарланып отыр. Осы ықшам ауданнан тұрғын үй алуға үміткер ретінде жеке тұрғын үй құрылысынан жер телімін алуға кезекте тұрғындар қарастырылады. Жер әкімдіктің атынан тегін беріледі. Осы жерге тұрғызылған үйлер сатылады.  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі үміткерде тұрғын үй бағасының 30% болған жағдайда, жылдық 5%-бен жеңілдігі бар кредит береді.

Биылғы жылы Қызылорда облысында 7 000-нан аса салымшы депозит ашып, болашақ үйлеріне ақша жинап жатыр. 1 400 салымшы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы тұрғын үйлерін жақсартып алды. Көп ұзамай тағы 700 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. "Бәйтерек девелопмент" желісі бойынша "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында "Арай" ықшам ауданында олар үшін 14 үй салынды. Қазір салымшылар төлем қабілеттілігін растайтын рәсімдерден өтіп, сатып алу-сату шартына қол қойып жатыр.

"Өз үйім" меншікті бағдарламасы аясында ҚТҚЖБ клиенттері үшін 200 пәтерлі 4 үй салынып жатыр. Бұл нысандар құрылысты пайдалануға берілуі бойынша кезең-кезеңмен іске асырылады. 2017 жылғы шілде айынан бастап өтініштерді қабылдау басталады. 1 шаршы метрдің  құны 142 000 теңгені құрайды.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу