Бастапқы жарна шарты өзгертілді

6705

Қазақстандық ипотекалық компания бастапқы жарнаға жылжымайтын мүлікті қоюға рұқсат етіп, жеңілдетілген ипотека алу шартын жеңілдетті.

Бастапқы жарна шарты өзгертілді

3 қарашадан бастап жеңілдетілген ипотеканы алушылар 30 пайыздық бастапқы жарнаға тек ақша ғана емес, сонымен қатар қарыз алушыға немесе үшінші тұлғаға тиесілі жылжымайтын мүлікті қоя алады. Сондай-ақ құрылыс салушыға алдын ала төлем жасағанда да дәл осындай жарнаны ұсынуға болады, тек мұны расттайтын құжат болса болғаны. Бұл туралы abctv.kz-ке "Қазақстандық ипотекалық компания" (ҚИК) АҚ-тың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бұнымен қоса, "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылыс салушыдан басқа заңды тұлғалар арқылы сатып алудағы алғашқы баспана түсінігі кеңейтілді.

"Бұл өзгертулер көптеген қазақстандыққа банктен субсидияланған қарыз алуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз", – деді ҚИК басқармасы төрағасының орынбасары Руслан Кәкім.

Оның мәліметінше,  2017 жылдың маусымынан бастап 8,4 млрд теңгеге берілген 847 өтініш түскен. Бүгінгі күні банктер сегіз миллиард теңгеге 805 ипотекалық қарызды субсидиялауды мақұлдаған. Мұның ішінде Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ипотекалық қарыз алушылар  бар.

Дәл қазіргі уақытта бағдарламаға қатысушы-банктер  қарызды жылдық 15,25%-бен береді, оның жылдық 5,25%-ын ҚИК субсидиялайды. Алайда жеке банктер қарыз алушылар үшін төлем жасау жүктемелерін төмендету бойынша қосымша шарттарды ұсынды. "ЦенртКредит Банк" АҚ субсидиялау мерзімі өткеннен кейін де, ал бұл "Нұрлы жер" бағдарламасының шарты бойынша 10 жылға тең, қарыз алушы үшін мөлшерлемені 10% деңгейінде сақтап қалады. Сбербанк болса мөлшерлемені тек  0,5%-ға, 10,5%-ға дейін арттырады.

ҚИК "Нұрлы жер" бағдарламасы ипотекалық несие беруге серпін бергенін айтты. Егер былтырғы жылдың сегіз айында банктер 99,3 млрд теңгеге қарыз берген болса, ал биылғы жылы дәл осындай уақыт ішінде 209,3 млрд теңгеге қарыз берген.  

Еске салар болсақ, 2017 жылдың маусымынан бастап елімізде  "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша субсидияланған тұрғын үй қарызы бағдарламасы іске асып жатыр. Осының аясында мемлекет тұрғын үй несиесін субсидиялау тетігі арқылы арзандатуда. Нәтижесінде тұтынушылар үшін соңғы мөлшерлеме 10%-дан аспауға тиіс.

Тұрғын үй құрылысы бағдарламасының осы бағытының шарты бойынша тек алғашқы баспана ғана сатып алынуға тиіс, Астана мен Алматыдағы судсидиялаудың ең  үлкен сомасы 20 млн теңгеден, өңірлерде 15 млн теңгеден аспауға тиіс.  

Жеңілдетілген ипотеканы осы бағытқа қосылған банктерден алуға болады, олар – "Сбербанк" ЕБ АҚ, "АТФ Банк" АҚ, "ЦентрКредит Банк" АҚ, "ВТБ Банк" ЕБ АҚ және "Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банк" АҚ.

Жыл сайын ипотека мөлшерлемені субсидиялауға мемлекет 10 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Жоспар бойынша осындай көлемдегі бюджеттік бірігу 10 жыл ішінде жүргізілетін болады.  Бұл бағыттың қаржылық операторы –  ҚИК.

Гүлназ Ермағанбетова, Динара Куатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу