"Бастау Бизнес" жобасы басталады

Биылғы жоба онлайн форматындағы 12 модуль 50 сабақтан тұрады.  

"Бастау Бизнес" жобасы басталады

"Бастау бизнес" және "Жас кәсіпкер" жобалары "Атамекен" ҰКП бастамасымен  3 жылдан бері еліміздің 14 өңірінде жүргізіліп келеді. 2017-2019 жылдар аралығында 118 мың адам осы жоба бойынша білім алды. Оның 30 мыңға жуығы кәсіп ашса, 42-45 мың адам жұмыспен қамтылды. Биыл жобаға өзгерістер енгізілді. Бұл туралы бизнес-тренер Рауан Ерғалиев баяндады.

"2020 жылдан бастап білім беру онлайн форматқа ауысты. Енді қатысушылар бір аудиторияға жиналмайды, қашықтан білім алады. Сонымен қатар өңірлердегі тапшы салалардың арнайы тізімі жасалып, оларға несие беріп, қолдаймыз. Жобаны тәмамдаған әр кәсіпкерге жыл бойы кеңес беріп, қолдау білдіреміз", – дейді спикер.

Онлайн форматқа ауысудағы ең басты жаңалықпен бөліскен спикердің сөзінше жобаны аяқтағандарға арнайы сертификат беріледі. Әдетте бұл құжат 2 жылға жарамды болса, биылғы жылғы ерекшелік – сертификаттар 3 жылға жарамды болмақ.

"Сертификат 200 АЕК грантты алуға мүмкіндік береді. Яғни, жобаға қатысқанына 2-3 жылдан астам уақыт өтпеген кез келген сертификаты бар қатысушы арнайы грант ала алады. Ол үшін қажетті құжаттардың тізімі сайтымызда арнайы бар", – деді бизнес-тренер.

Ал "Бастау бизнес" жобасының бизнес-тренері Жәнібек Қыдыралиев жас кәсіпкерлер қандай модульдер бойынша білім алатынына тоқталды.

"Үміткер "Atameken Academy" онлайн платформасына кіреді. Жұмыспен қамту орталығынан алған жолдамасы мен жеке куәлігін сканерлеп, өтініш қалдырады. 21 күн бойы осы платформа арқылы білім алады. Онда 50-ден астам сабақтар бар. Оқу арнайы модульдерге бөлінген. Идеяны таңдау, оның қаржылық жобасын жасау, нарықты қалай зерттеуге болады, жоспарлау, өнімді тиімді бағамен сату, салған қаржыны шығарып алу бойынша сабақтар жүргізіледі", – деген спикер пандемия кезінде қиындықтарға тап болған кәсіпкерлер мәселесіне тоқталды.

"Біздің офлайн жұмыс істейтін түлектеріміздің кәсіптері тұралап қалды. Оларды онлайн платформаларға ауыстыру үшін біз арнайы кеңес беріп, онлайн қызмет көрсететін ірі компаниялармен коллаборация жасаудамыз. Бастысы бизнесті тоқтатпау керек", – деді спикер.

Карантин кезінде бизнесі тоқтап қалған кәсіпкердің бірі – Жанна Мақсұтқызы. Ол "Бастау бизнес" жобасының түлегі. Арыс қаласында тігін тігумен айналысатын шебер шектеу кезінде мата ала алмай қалған. Нәтижесінде көптеген тапсырыстардан бас тартуға тура келген.

"Мен Арыс қаласында тұрамын. Матаны Шымкент қаласынан аламын. Блок бекеттерден өте алмай қалдым. "Бастау бизнес" жобасының ең басты ерекшелігі түрлі кедергілер туғанда кеңес алуға болады. Құжат рәсімдеу жағынан бизнес-тренерлер көмек көрсетіп отырады", – дейді кәсіпкер.

Жалпы "Бастау бизнес" жобасының түлектері 3 жылда қазынаға 1,4 млрд теңге салық төлеген.  Солардың қатарында Ақерке Иланбай да бар. Ол Жамбыл облысында ірімшік өндірумен айналысады.

"Карантин кезінде өнімдерім өтпей қалды. Бірақ жоба тренерлері бұл жағынан да ауқымды жұмыстар жүргізбек. Енді өнімдерді өткізу тізбегі құрылмақ", – дейді кәсіпкер.

Бизнес-тренер Рауан Ерғалиев жобаға кәсібін ашқанына 3 жыл толмаған жас кәсіпкерлер де қатыса алатынын айтады.

"Жобаға қатыса алатын адамдар тізімін нақтылай кетсек. Олар ауылдық елдімекендерде, қалаларда, оның ішінде моно және кіші қалаларда тұратын адамдар. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар, егер медициналық қорытынды бойынша денсаулығы еңбек міндеттерін орындауға кедергі келтірмесе, не олардың денсаулығына және басқа адамдардың еңбек қауіпсіздігіне зиян келтірмесе, зейнеткерлік жасқа жетпеген елу жастан асқан адамдар, жастар, сондай-ақ NEET санатындағы жастар, табысы аз немесе көпбалалы отбасылардың мүшелері, ауыл шаруашылығы кооперативтері, қоныс аударушылар және оралмандар және жаңадан бизнес ашқан азаматтар қатыса алады", – деген спикер "Бастау бизнесті" аяқтаған кәсіпкерлер 200 АЕК көлемінде берілетін грант конкурсына қатыса алатынын айтады.

"Конкурста нақты бір бағытқа басымдылық берілмейді. Кімнің жобасы жақсы болса, бизнес жоспары жақсы жазылса сол грантты алады. Бұл ретте қаржыны кәсіпкерлер палатасы емес, Жұмыспен қамту орталықтары арқылы әкімдіктер бөледі. Өткен жылы 40 мың грант бөлінген. Ал биыл коронавирустық пандемиядан кейін гранттар саны көбейді. Яғни, мемлекет кәсіп бастаймын деушілерді қолдауға дайын", – дейді Рауан Ерғалиев.

Алайда грантты алу үшін жобаға қатысушы барлық модульдерді өтіп, кейін бизнес-құрастырушы арқылы жеке жобасын жасайды. Соңында осы сабақтар бойынша арнайы тест тапсырады. Оған тәуелсіз сарапшылар баға береді. Тек 60% - дан жоғары балл жинаған үміткерлерге сертификаттар табыс етіледі.

"Жоба біраз еңбектенуді қажет етеді. Тек бір модульді оқып, аяқтап, оның тапсырмаларын орындаған адам ғана келесі модульге өтеді. Дәрістердің барлығын меңгеріп, тиімті бизнес жоспар жазған қатысушылар ғана грантқа үміткер бола алады", – деп түйіндеді спикер.

Қызылордалық бизнес-тренер Наталья Мишукова жобаға қатысқан әйелдердің басым бөлігі сұлулық салондарын, наубайханалар, тігін цехтарын ашатынын айтады. Ал ер адамдар фриланс көмек көрсету, IT компания ашып жатады екен. Бұл ретте ол ауыл шаруашылығына байланысты кәсіп ашатындар саны азайғанын жеткізді.

"Ауыл шаруашылығы оңай кәсіп деп айта алмаймын. Себебі жем-шөп өте қымбат. Жайылым жерлер аз. Ал жоңышқа өсіретін болсаңыз ол тиімдірек. Сонымен қатар әр өңірдің ірі қаралары әр түрлі. Мәселен, солтүстіктің сиырлары Қызылорданың ыстығына шыдамайды. Әрі бұл салада маман жетіспеушілігі бар. Сондықтан кәсіп ашу үшін 100% барлығын білу керек. Әр кәсіп терең зерттеуді қажет етеді. Толық зерттелмей ашылған кәсіп орта жолда тоқтап қалады. "Бастау бизнес" арқылы грант алып, бизнес ашып, кейін кәсібі тоқтап қалған кәсіпкерлерге де көмек көрсетіледі. Алайда грантты алып, кәсіп ашпаған адамдарға қаржыны қайтаруға тура келеді", – дейді ол.

Маңғыстау облысы кәсіпкерлікті қаржылық емес қолдау бөлімінің басшысы Аманат Махмұтов биыл 1 мың адамды аталған жоба аясында оқытуды жоспарлап отырғанын айтады.

"Қазіргі кезде 420 адам жобаға тіркелді. Гранттардың 50%-ын тігіншілікке байланысты кәсіп ашқандар алады. Одан кейін көлік жуу, наубайханалар ашатындар көп. 2017 жылдан бері сертификат алған түлектерімізге хабарласып, жеңілдетілген несиелер, гранттар туралы кеңес берудеміз. Қатысушылар 21 күн бойы 12 модуль бойынша білім алады. Ал сабақтарға үлгермей қалғандарға 7 қосымша күн беріледі. Үміткерлер қыркүйек айына дейін өтініш жібере алады. Олар іріктеліп, резервте тұрады", – деп қорытындылады спикер.

Құралай Құдайберген

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу