"Бастау Бизнес" жобасы бойынша 350 грант бөлінбек

7033

2022 жылдың бірінші легінде 5 грант бөлінген. 8 тамыздан бастап 19 тамызға дейінгі аралықта business.enbek.kz электрондық платформасында екінші лекке өтінімдерді қабылдау жүргізіледі. Ол бойынша 160-қа жуық өтінім қабылданады деп күтілуде.  

"Бастау Бизнес" жобасы бойынша 350 грант бөлінбек

2022 жылы "Бастау Бизнес" жобасы бойынша 350 грант бөлінеді деп жоспарланып отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде беріледі.

"Мемлекеттік "Бастау Бизнес" жобасы бойынша оған қатысатын жұмыссыз азаматтар, 3 жылға дейінгі мәртебесі бар дара кәсіпкерлер және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Олар бірыңғай жиынтық төлеуші азаматтар. Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту үшін тұлғалар business.enbek.kz порталында тіркеледі. Адамдардың санаттарына сәйкестігін тексеру бұл порталда автоматты режимде жүзеге асырылады. Одан кейін skills.enbek.kz арқылы бизнес бастау жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту онлайн курсына қолжетімділік беріледі", – деді Нұр-Сұлтан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бөлімі басшысының м.а. Бақыт Бекенов.

Онлайн оқыту курсының ұзақтығы – 14 күнтізбелік күн. Тиісті балды жинаған қатысушыға платформада бірегей нөмір мен оқуды аяқтағаны туралы электрондық сертификат беріледі. Сертификат жеке кабинеттерінде тұрады. Бұл құжат алған күннен бастап 3 жылға дейінгі мерзімге жарамды.

"Кәсіпкерлікке оқыту курсы былтыр "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткізілген. Биылдан бастап Еңбек министрлігінің skills.enbek.kz электронды платформасында өткізіледі. Оқыту 12 модульден тұрады. Әр модульді аяқтаған сайын аралық тестілеу, барлық модульді аяқтаған соң қорытынды тестілеу болады. Сертификат алу үшін 70 балдан кем емес ұпай жинау керек. Аз алып қалған жағдайда, тестілеуге қатысу үшін тағы 3 мүмкіндік беріледі. Егер бұл тестілеулерден де өтпеген жағдайда, бір жыл ішінде тіркеу мен оқытудан қайта өту үшін 2 мүмкіндік беріледі", – деді Нұр-Сұлтан қаласы халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Бақтияр Айтпаев.

Спикерлер мемлекеттік грант алғысы келетін үміткерлердің арнайы санаттарға жатқызылуы тиіс екенін айтады. Оған 29 жасқа дейінгі жастар, атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасы мүшелері, көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақы алушылар, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақы алушылар, қандастар, қоныс аударушылар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған адамдар, жәрдемақы алатын мүмкіндігі шектеулі адамдар, еңбекке қабілетті адамдар кіреді.

2022 жылдың ақпан айынан бастап жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант сомасы ұлғайған. Егер былтыр ол 200 АЕК болса, биылдан бастап мемлекеттік грант сомасы 400 АЕК-ке жетіп, 1 млн 225 мың 200 теңгені құрап отыр. Грант бір рет және қайтарымсыз негізде беріледі.

Грант алудың міндетті шарттарына кәсіпкерліктің негізін оқу, тестілеуден өту, бизнес жобаны дайындау және комиссия алдында жұмысты қорғау жатады.

"Грант алуға үміткерлердің өтініші мен бизнес жобасы Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органның қатысуымен комиссияның отырысына шығарылады. Комиссия отырысы порталда өтініштерді қабылдауды аяқтағаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде өткізіледі. Комиссия отырысының өтетін орны мен уақыты туралы хабарлама грант алуға үміткердің жеке кабинетінде көрсетіледі. Үміткер комиссия отырысында бизнес жобасын таныстырады. Комиссия бас тартқан жағдайда үміткер келесі ағымдағы грантқа қайта өтінім бере алады", – деді Нұр-Сұлтан қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығының кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бөлімі басшысының м.а. Бақыт Бекенов.

9 тамыздағы деректерге сәйкес "Бастау Бизнес" жобасына 911 адам жазылған. Оның ішінде 436 адам оқуды аяқтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу