"Бастау Бизнес" жобасының атын жамылған алаяқтар пайда болды

Алматыда белгісіз компания өкілдері кәсіпкерлік негіздерін оқытатын бағдарлама қатысушыларын алдамақ болған.

"Бастау Бизнес" жобасының атын жамылған алаяқтар пайда болды

Мессенджерлерде оңтүстік астана тұрғындарына "Бастау Бизнес" бағдарламасы бойынша оқуды тәмамдағаны туралы сертификат алуға көмектесеміз" деген желеумен ақылы қызметтер ұсынған компанияның хабарламалары тарауда. Осыған байланысты Алматы қалалық "Атамекен" ҰКП  кәсіпкерлік негіздерін оқытудың барлық қызметтері өтеусіз негізде жүзеге асырылатынын ескертеді, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

Жаппай тараған хабарламада алаяқтық іс-әрекеттерін жүзеге асырмақ болған компания бұл салада 3 жылдан бері тұрақты қызмет көрсетіп келе жатқанын,  "Бастау Бизнес" жобасын сіз үшін оқып, сертификаттарын алып беретінін жазған. 

"Егер сіз белгілі бір себептермен Атамекен, "Бастау Бизнес оқуын оқи алмайтын болсаңыз, біз көмектесеміз. Сіздің орныңызға сабақ оқып, емтихандар тапсырып, бизнес жоспар жасаймыз. Курсты толық бітіргені туралы сертификат алып береміз. Асығыңыз, орындар саны шектеулі", – деп жазылған хатта. 

Бұл ретте Алматы қалалық "Атамекен" ҰКП  директоры Айтуар Қошмамбетов мұндай ақпараттарға сенбеуге және өзге адамдарға таратпауға шақырады. Сонымен қатар "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудың барлық қызметтері өтеусіз негізде жүзеге асырылатынын атап өтті. 

"Осындай алаяқтық сипаттағы хабарламаларды жаппай таратпауды және бөгде адамдардың қызметтерін пайдаланбауды сұраймыз. Оқыту барысында бағдарлама қатысушыларына тек жоба кеңесшісі кеңес беріп, бизнес-тренер сүйемелдейді", - деді қалалық Кәсіпкерлер палатасының басшысы.

Жоғарыда атап өткен хабарлама бойынша ақпарат "Атамекен" ҰКП қауіпсіздік қызметіне жіберілді. Алаяқтық сипаттағы хабарама таратқан компания өкілдері іздестірілуде. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу