47 жастағы Биғұлсын Келіскен осыдан төрт жыл бұрын Қытай елінен атамекеніне көшіп келген. Сырт елде 21 жыл бойын медбике болып қызмет еткен ол еліне оралған соң, "Атамекен" ҰКП-ның "Бастау" бизнес жобасына қатысып, 505 мың теңге көлеміндегі грантты жеңіп алған.
"Осыдан төрт жыл бұрын отбасымызбен Қазақстанға көшіп келдік. Алғашында қандай іс бастарымды білмедім. Өткен жылы "Бастау" бизнес жобасына қатысып, 505 мың теңгеге ие болдым. Сондай-ақ бизнес-тренерімнің көмегімен 6%-дық жеңілдетілген несие алдым. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында бүгін өз балабақшамды ашып отырмын", – дейді Биғұлсын Келіскен.
Кәсіпкердің жолдасы бастапқыда бұл үйді отбасымен тұру үшін салған. Кейін жары арнайы грантты ұтып алып, бизнес жоспарын әзірлеген соң, осы жерден балабақша ашуды жөн санаған.
"Бөбекжайдың нақты жұмыс бастағанына бір апта ғана уақыт болды. Алайда қазіргі кезде бұл жерде 10 бала бар. Алдағы уақытта балабақша тек бала тәрбиелейтін ғана емес, сонымен қатар, қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерін үйрететін дамыту орталығына айналады", – дейді кәсіпкер.
Бүгінде Алматыда Neet санатындағы 2 650 адам "Жас Кәсіпкер", ал "Бастау" жобасы бойынша 4 250 адам білім алды. Оның ішінде 153 – мүмкіндігі шектеулі жан, 685 - аз қамтылған отбасылардың мүшелері, 1339 - жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар, 830 - көпбалалы отбасылардың мүшелері бар. Бизнес негіздері бойынша курс аяқталғаннан кейін, "Жас Кәсіпкер" жобасының 1771 қатысушысы және "Бастау" жобасының 1046 тыңдаушысы арнайы грант иелері атанды.
Құралай Құдайберген