2023 жылғы 21-25 тамыз аралығында Астана мен Шымкентте жалпы білім беретін мектеп педагогтеріне арналған "Шахматты оқыту әдістемесі" атты күндізгі оқыту семинарлары өтті. Оқыту Қазақстандық шахмат федерациясымен бастауыш сыныптардың оқу бағдарламасына шахматты кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі пилоттық жобаның шеңберінде (вариативтік компонент сағаттары есебінен) ұйымдастырылды. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Пилоттық жобаға еліміздің 7 өңірінен: Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар облыстарынан, сондай-ақ Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан 42 мектеп қатысты.
"2023-2024 оқу жылында "Шахмат негіздері" оқу бағдарламасын сынақтан өткізу жоспарлануда. Пилоттық жоба аясында 42 мектеп қазақ тілінде оқытатын бірінші сыныптардың бірінде таңдау бойынша осындай курсты енгізеді деп күтілуде. Қазір бірінші сынып оқушыларына арналған курсты оқытумен айналысатын мұғалімдер қажетті оқытудан өтуде. Мұғалімдер оқу материалын ынтамен қабылдайды. Біз осы бағдарламаны енгізуден жақсы нәтиже күтеміз. Өйткені, шахматтың балалық шақтағы интеллекттің дамуына оң әсері бұрыннан ғылыми дәлелденген" - деді дәріскер Олжас Менғали.
Пилоттық жоба "Freedom Broker" компаниясы – ҚШФ бас серіктесінің қолдауымен "Шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары" шеңберінде іске асырылуда.