5 сәуірде көптен күткен жекпе-жек өтеді. Астанада Жәнібек Әлімханұлы Анауэль Нгамиссинге қарсы рингке шығады. Ал, андеркартта Батыр Жүкембаев (23-1, 17 КО) 29 жастағы британдық Кейн Гарднермен (17-4, 7 КО) жұдырық түйістірмек.
Батыр Жүкембаев бірінші жартылай орта салмақта BoxRec рейтингінде 31-орында тұр. Ол 2022 жылдың желтоқсанында Қазақстанда соңғы рет жекпе-жек өткізіп, содан кейін АҚШ-та үш кездесу өткізіп үлгерді.
Қазіргі таңда WBA рейтингінде 12-орында. Бұл оның жоғары деңгейдегі боксшы екенін айғақтайды. Ал, Кейн Гарднер болса BoxRec мәліметінше, әлемдік рейтингте 279-орында тұр. Соңғы үш жекпе-жегінде екі рет төрешілер шешімімен жеңіліп, бір рет жеңіске жеткен екен. Ол WBC International аймақтық титулы үшін өткен жекпе-жекте қарсыласына есе жіберді.
Қазақстандық боксшының елге оралуы ерекше мәнге ие. Шетелдік рингтерде сәтті өнер көрсеткеннен кейін өз жерінде жұдырықтасу қазақстандық бокстың даму қарқынын айғақтауға мүмкіндік береді.
Басты жекпе-жектен бөлек, кеште тағы бір маңызды кездесу өтеді. Қазақстандық Сұлтан Заурбек (19-0, 13 КО) пен Оңтүстік Африкадан келген Азинга Фузиле (18-2, 12 КО) арасындағы айқас – кештің басты оқиғаларының бірі болмақ.
Батыр Жүкембаев пен Кейн Гарднер арасындағы кездесу тартысты өтетіні анық. Қазақстандық боксшының тәжірибесі, рейтингі мен дайындығы оны кездесудің айқын фаворитіне айналдырады. Алайда британдық қарсылас та жеңіске жету үшін барын салары сөзсіз.