Батыр Жүкембаев қарсыласын бірінші раундта сұлатты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2812

Кәсіпқой бокстағы қазақтың күрзі жұдырықты жігіттерінің бірі бүгін 16 – шы жеңісіне қол жеткізді.

Батыр Жүкембаев қарсыласын бірінші раундта сұлатты Фото: eottm.com

Бірінші жартылай салмақта өнер көрсететін Батыр Жүкембаев (16-0, 13 KO) бүгін Канаданың Монреаль қаласында тағы да жеңіске жетті. Мексика жігіті Луис Хесус Видалеспен (14-7, 6 KO)  жұдырықтасып, өте ширақ қимылдап, бірінші раундтың соңғы секундында қарсыласын есінен тандырды. Техникалық нокаут.

Он раундқа жоспарланған жекпе-жек аса жоғары қарқында басталған жоқ. Екі боксшы бір-бірін аңдып, соққы жұмсауға қолайлы сәт күтіп жүрді. Бірақ Батыр батыл қимылдап, бірнеше соққысын діттеген жеріне дөп тигізе білді. Бірінші раунд аяқталуға айналғанда, бетінен  шірене тартып жіберіп еді, Луис Хесус Видалес тәлтіректеп, арқанға сүйеніп барып құлады. Арқан болмағанда, мұрттай ұшар ма еді? Нокдаун! Төреші есеп ашып, санай бастаған. Мексика боксшысы жекпе-жекті жалғастырғысы келетін сыңай  танытпады. Сондықтан төрешінің жекпе-жекті тоқтатқаннан басқа амалы болмады.

Сол кезде ғана Луис Хесус екі қолымен "мұныңыз қалай" деген ишара білдіріп, наразы болған кейіп танытқансыды. Бірақ бұл "ұялған тек тұрмастың" кері ғана сияқты еді. Ол үш минуттың ішінде-ақ Батырдың қуатты соққысының "дәмін татып" көріп, одан әрі таяқ жеуге құлықты болмады.

28 жастағы Батыр Жүкембаев болса, Канадада қарсылас шақ келтірмей жүр. 2015 жылдан бері "Үйеңкі жапырақтылар" елінде үстемдік танытып келеді. Енді үлкен жоспарлары бар көрінеді. Бұйыртса Golden Boy промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырады екен. Өздеріңіз білесіздер, бұл компанияның дәл қазіргі ең танымал боксшысы – Сауль Альварес Канело (52-1-2, 35 КО).

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу