Батыр Жүкембаев: Мен рингке тек жеңіске жету үшін шығамын

2292

Батыр Жүкембаев 29-мамыр күні Лос-Анджелесте жекпе-жек өткізеді.

Батыр Жүкембаев: Мен рингке тек жеңіске жету үшін шығамын

Жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев (18-0, 14 КО) Пуэрто-Рико өкілі Сабриэль Матиасқа (16-1, 16 КО) қарсы жекпе-жекке дайындық барысы туралы айтты. Екі боксшы арасындағы кездесу 29-мамырда Лос-Анджелесте (Калифорния, АҚШ) өтеді. Жүкембаев үшін бұл жекпе-жек оның АҚШ-тағы дебюті болмақ.

"Жаттығу қарқынды режимде өтіп жатыр. Бапкерім Мэни Роблес екеуміз бұл жекпе-жекке ерекше көзқараспен қараймыз. Стратегия мен талдау, нақты жоспарды ұстанамыз. Ал 29-мамырда мен рингте ең жақсы бабымда боламын. Сонымен қатар, соққы техникасы бойынша жұмысымды жақсарту үшін қазақстандық бапкер Қанат Алтаевты АҚШ-қа шақырдым. Мадияр Әшкеев те маған функционалды дайындықта көмектесуде және өзінің тәжірибесімен бөлісуде. Бұл бүкіл Қазақстан менімен бірге Пуэрто-Риколық боксшыға қарсы күреске дайындалып жатыр деген сөз.

Көптеген қазақстандықтар қолдау көрсетіп, өз тілектерін жазуда. Бұл мені шабыттандырады. Ал жекпе-жек барған сайын жаһандық сипатқа ие болып келеді. Өйткені АҚШ-та және бүкіл әлемде қызу талқылануда. Әрине, Сабриэль Матиас менің спорттық мансабымдағы елеулі қарсылас. Бірақ ол әлі мен сияқты боксшымен кездескен жоқ. Мен IBF рейтингіне кездейсоқ енген жоқпын. Сондықтан осындай деңгейде жекпе-жек өткізуге лайықпын. Біз сол күні жанкүйерлерге керемет жекпе-жек көрсетеміз деп ойлаймын және мен рингке тек жеңіске жету үшін шығамын!", - деді Жүкембаев.

Сонымен қатар BoxRec.com редакторы Филипп Сен-Мартин Батырдың алда өткізетін жекпе-жегі туралы өз пікірін білдірді. Сарапшы қазақстандық боксшы үшін жалғыз қауіпті атады.

"Менің ойымша Жүкембаев турнирдің фавориті. Оның шеберлік деңгейі басқа үміткерлерге қарағанда анағұрлым жоғары. Бірақ Матиастың соққылары жойқын. Жекпе-жектің бірінде ол қарсыласына өте қауіпті зиян келтірген. Ал Жүкембаев кездесулердің бірінде нокдаунға түскен болатын. Бұл негізгі қиындықтардың бірі болып тұр. Егер қазақстандық боксшы жойқын соққыларды жіберіп алса, ол турнирден шығады. Дегенмен, Жүкембаевқа көздеген нәтижеге қол жеткізу үшін оның шеберлігі мен тәжірибесі жеткілікті деп ойлаймын. Өзінің мүмкіндігін көптен бері күтіп жүр және сол мүмкіндігін жібермейді деген үміттемін", - деді Сен-Мартин.

Айта кетейік, жартылай орта салмақта Әлем чемпионы титулына үміткерді анықтау үшін Жүкембаев пен Матиас арасында өтетін жекпе-жек IBF-тен "төрттіктің турнирі" деп аталатын кеш аясында өтеді. Ал екінші жартылай финалдық жұп британиялық боксшы Льюис Ритсон (21-1, 12 КО) пен аргентиналық Йеремиас Понсе (27-0, 17 КО) болмақ.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу